Түркі әлемі

Бішкекте Халықаралық Түркі Академиясы басып шығарған “Манас” эпосының тұсаукесер рәсімі өтті

Кітаптың тұсаукесер рәсімі Бішкек Гуманитарлық Университетінде Қырғызстанның ғалымдары, белгілі қаламгерлері және университет студенттерінің қатысуымен өтті. Кітап белгілі манасшы Медер Мергенбаевтың қалдырған қолжазбасы негізінде жинақталып, басып шығарылды. Көне қолжазба араб графикасымен жазылған еді. Аталған қолжазбада эпостың басқа нұсқаларында жоқ оқиғалар мен тілдік оралымдар бар. Бұған дейін ол тек қолжазба күйінде сақталған және ешбір жерде жарияланбаған.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Бішкек Гуманитарлық Университетінің ректоры Абдылда Мусаев бұл іргелі еңбектің Манастанудағы елеулі орны бар екенін айтты.

Сондай-ақ жиынға қатысқан Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев: « Бүгінгі іс -шараға Сооронбай Шәріпұлы Жээнбеков жеке разылығын білдірді. Өте үлкен қуанышпен қабыл алып, алғысын айтты дей келе, «Манас» эпосын жаһандану дәуірінде сақтау ең басты мәселелердің бірі деп атап өтті. Сұлтан Раев өз сөзін жалғай келе: «Өздеріңіз білесіздер қазір жер бетінде 38 үлкен эпос бар. Соның ішінде ең көлемдісі – «Манас». Біз Манасты инновациялық түсініктердің контекстінде қарастырумыз қажет» деген ой қозғады.

Ал Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өз баяндамасында: « Халықаралық Түркі Академиясы «Манас» эпосы бойынша өз жұмыстарын ары қарай да жалғастыра береді. Мамыр айының басында Алматы облысының орталығы Талды-Қорған қаласында қырғыз-қазақ зиялыларының форумы өтеді. Соның аясында «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас» халықаралық ғылыми симпозиум, Шоқан Уәлихановтың Сары-Өзектегі күмбезінің басында халықаралық   кырғыз, қазақ манасшылардың «Манас фестивалі ұйымдастырылады» деп мәлімдеді.

Халықаралық Түркі академиясы эпостың осы вариантын алғаш рет ғылыми басылым ретінде және латын графикасы негізінде шығарып отыр. 1 томдық кітаптың көлемі – 650 бет.

Бұл шығарма латын әліпбиімен қырғыз тілінде шығып тұрған алғашқы кітап. Осы уақытқа дейін бұл жұртшылыққа таныс емес болып келген қолжазбаны 1993 жылы қыркүйек айында Бішкек Гуманитарлық университетінің сол кездегі ректоры, белгілі түрколог-ғалым Қадыралы Қоңқабаев сатып алып, 2018 жылы шілдеде Түркі академиясына табыстады. Содан кейін Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтың қолдауымен және алғысөзімен баспаға әзірленді. Ғалымдарға текстологиялық жеңілдік жасау мақсатымен кітапта қолжазбаның түпнұсқасы факсимилемен бет саны көрсетіліп беріліп отырды.

Медер Мергенбаев 1896 жылы дүниеге келген және Қырғызстандағы атақты манасшылардың бірі болып саналады. Ол 1921 – 1928 жылдар аралығында елдегі Сагымбай Орозбаков, Саякбай Каралаев, Тоголок Молдо сынды эпосшылардан жырдың түрлі нұсқаларын жазып алған.

Close