Жаңалықтар

Анкарада «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабы таныстырылды

Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен тарихи Нахчыван келісімінің 10 жылдығына арналған басқосу өтті. Алқалы жиын аясында Түркі академиясы шығарған «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабы таныстырылды.

Басқосуға Халықаралық Түркі академиясының басшысы Проф. Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің түрік мүшесі Проф. Мұстафа Исен, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Түркияның Мәдениет экс-министрі Намык Кемал Зейбек, Әзербайжан Елшісі Хазар Ибрахим, Қырғызстан Елшісі Кубанычбек Омуралиев және Өзбекстан Елшісі Алишер Агзамходжаев, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі депутаттары Исмаил Кая мен Фейзи Бердибек, Түркия Республикасы 60-шы үкіметтегі Мемлекет министрі Күршад Түзмен, Денсаулық сақтау экс-министрі Халил Шывгын, Түркия Сыртқы істер министрлігі өкілі Орхан Ышык, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, Әділет және даму партиясының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан-Түркия парламентаралық достық тобының бұрынғы төрағасы Халук Ипек, Түркияның танымал кино жұлдызы Сердар Гөкхан, сондай-ақ, аналитикалық зерттеу орталықтары басшылары, шетелдік дипломаттар, зиялы қауым, БАҚ өкілдері мен Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер және диаспора өкілдері қатысты.

Іс-шара басталмас бұрын Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Проф. Мұстафа Шентоптан және Түркияның астанасы – Анкара қаласының мэрі Мансур Яваштан жеделхаттар келіп түсті. ТҰҰМ төрағасы М.Шентоп өзінің жеделхатында Түркі ынтымақтастығы қазіргі таңда белгілі дәрежеге жеткендігіне назар аудара отырып, көпжақты саяси және экономикалық әріптестіктің жаңа белестерден өтуі жолында «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабының маңызы зор болатынына сенім білдірді.

Аталған шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А.Сапарбекұлы: «Түркі дүниесіндегі бірлік пен берекені, өзара қарым-қатынасты көздің қарашығындай сақтау болашақ ұрпақ үшін де өте маңызды. Кітап – тасқа түскен таңбадай, санаға жазылып қалады. Сондықтан да, Тұңғыш Президентіміздің түркі әлеміндегі рөлін толықтай ашатын мемлекет басшыларының, танымал саясаттанушылардың, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің салиқалы пікірлері мен орамды ойлары топтастырылған осы кітап қолына тиген әрбір адам, біздің тамыры тереңге жайылған бауырластығымызды терең түсінеді» деді.

А. Сапарбекұлы Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың тамыры бір туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғағанын, оның бастамасымен 2009 жылғы 3 қазанда Түркі кеңесі құрылып, Нахчыван келісіміне қол қойылғанын атап өтті.

Сөз кезегін алған Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Ө.Кожаман Н. Назарбаевтың зор ерік-жігері мен саяси көрегендігі арқасында Түркі әлемі интеграция жолына түскенін алға тартты. Сонымен қатар, Түркі кеңесінің өткен 10 жылдағы жетістіктерін, қазіргі таңда Түркі іскерлік кеңесі, Түркі университеттер бірлігі, Жастар платформасы сияқты институттардың белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын, «Орта дәліз» көлік жобасы іске қосылғанын атап өтіп, жақында Еуропаның төрінде Будапештте Түркі кеңесінің офисі ашылғаны жайлы мәлімет берді. Ө.Кожаман Өзбекстанның Түркі кеңесіне қосылуын қуантарлық оқиға деп бағалады.

Өз кезегінде түрік жұртшылығын бүгінгі Түрік тілі мерекесімен құттықтауған Халықаралық Түркі академиясының Президенті Д. Қыдырәлі кітапта топтастырылған пікірлер мен мақалалардың авторлары жайында баяндап берді. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Н. Назарбаевты Ататүрікке теңей отырып, Түркі кеңесі, Түркі академиясы, ТүрікПА сияқты ұйымдарға Елбасының «түркі» атауын бергенін еске салды.

Н. Назарбаевтың 1990 жылдардан басынан бастап түркі әлемінің интеграциясына өлшеусіз еңбек сіңіргенін атап өткен Д.Қыдырәлі, түркі әлемі осындай зор еңбегі үшін Елбасын Түркі кеңесінің Құрметті Төрағалығына лайық көргенін жеткізді. Академия басшысы Н. Назарбаевтың тарихта ұлы түрік тұлғалары сынды өзінің өшпес ізін қалдырып, түркі болмысының рухын асқақтатуда бар күш-жігерін жұмсап келе жатқанын атап өтті.

Жиын барысында Д. Қыдырәлі аумалы-төкпелі жылдары азаттығын жариялаған Түркі елдерінің бауырлас Түркиямен байланыстарын қалыптастыруға өлшеусіз қолдау көрсеткен Намык Кемал Зейбек пен бүгінде түркі әлемінің ынтымақтастығына зор үлес қосып жүрген Ялчын Топчуны Нахчыван келісімінің 10 жылдығына орай, Академияның арнайы алтын медалімен марапаттады.

Түркияның танымал мемлекет және қоғам қайраткері Н.К.Зейбек Елбасы Н. Назарбаевты түгел түркі әлемінің ұйытқысы екендігін айтып, түркі әлемінің бүгінгі «Білге қағаны» деп сипаттады. Сонымен бірге, Н.К. Зейбек Елбасы Н. Назарбаевтың түркі әлеміне жасаған тарихи еңбектері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Н.К.Зейбек өз сөзінде Н.Ә.Назарбаев терең білім иесі екеніне тоқталып, оның М.К.Ататүрікті жақсы зерттеп, ең жақын түсінген адам деп білетінін айтты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемді таң қалдырған соңғы шешімі болса, Назарбаевтың халықтың рухын, ақыл-сезімін сезе отырып, қабылдаған теңдесіз шешімі» деді ол. Президент Қ.К.Тоқаевты Елбасы салған осы сара жолды жалғастыратын өте тәжірибелі, парасатты, зиялы мемлекеттік қайраткер деп бағалады.

Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен Түркі кеңесінің тұрақты хатшылығы құрылып, бүгінгі күнде жемісті жұмыс істеп келе жатқанына назар аударған мәдениет экс-министрі, Елбасының түбі бір туыс елдерді жақындастыратын көптеген бастаманың басында тұрғанын баса айтты.

Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу өз кезегінде Түркия Республикасының Президенті Р.Т.Ердоғанның жиынға қатысушыларға сәлемін жеткізе отырып, өз сөзінде Н. Назарбаевтың тек түркі әлемінің тыныштығы үшін ғана емес, жалпы дүниежүзіндегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін тер төгіп келе жатқанын атап өтті.

Түркі кеңесінің негізін қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев екенін және аталған ұйымның түпкі мақсаты дүниежүзінің бейбіт, әділетті, қауіпсіз және тұрақты дамуына ықпал ету екенін айтты.

Сөз соңында, Я.Топчу Елбасының «Қазақстан күллі түркі жұртының қасиетті атажұрты» деген сөзін келтіре отырып, Түркі әлеміне және бауырларына жүрегі мен көңілін құшақ жая ашқан Елбасына терең ризашылығын және құрметін білдірді. Көпшілікке таныстырылып отырған кітаптың түркі әлемінің көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевты барлық қырынан жақсы танытуға мүмкіндік беретінін айтты.

Шара ресми қабылдаумен жалғасты.

Еске сала кетейік, осыдан он жыл бұрын 2009 жылғы 3 қазанда Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен саммит барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы» келісімге қол қойылып, жаңа халықаралық ұйым ірге көтерген болатын. Бүгінде сол Түркі кеңесі ауқымы кеңейіп, мүше мемлекеттер қатары Өзбекстанмен толығайын деп отыр. Сонымен қатар, Мажарстан кеңеске бақылаушы мәртебесіне ие болды.

 «Түркі интеграциясының архитекторы» жинағына Түркі әлемінің көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы бірқатар мемлекет басшыларының, танымал саясаткерлердің, сарапшылардың және зиялы қауым өкілдерінің пікірлері топтастырылған.

Авторлар Елбасының түбі бір түркі халықтарын жақындастырудағы ерен еңбегі мен салиқалы саясатын, көшбасшылық қасиеті мен даналық шешімдерін жан-жақты сараптайды.

Close