Жаңалықтар

Түркі ынтымақтастығы күні аясында Нахчыван келісімінің 10 жылдығына арналған алқалы жиын өтті

Бүгін Халықаралық Түркі академиясында Түркі ынтымақтастығы күніне орай Нахчыван келісімінің 10 жылдығына арналған алқалы жиын өтті.

Басқосуға бауырлас елдердің елшілері, атап айтқанда Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі  Жээнбек Кулубаев, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі,  Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаш, сонымен қатар бірқатар БАҚ басшылары, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

Жиынды жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қатысушыларды Түркі ынтымақтастығы күнімен және 10 жылдық мерейлі межемен құттықтап, Нахчыван саммитінің түркі интеграциясы дамуындағы маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Әзербайжан елшісі Рашад Маммадов алда Бакуде өтетін мерейтойлық саммиттің күн тәртібіндегі мәселелердің маңызды екеніне тоқталды. Сонымен бірге, ол барша түркі интеграциясы ұйымдарының түптеп келгендегі ортақ мақсаты бауырластық байланыстарды нығайтып, туыс халықтарды барынша жақындастыру екенін атап өтті.

Одан кейін сөз алған Қырғызстан елшісі Жээнбек Кулубаевтың пікірінше, Нахчыван келісімі сол кездегі мемлекет басшыларының көрегендікпен қабылдаған шешімі болды. ” Нахчыван саммитінен соң бауырлас елдердің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Осы орайда Академия түркі интеграциясының нығаюына өлшеусіз үлес қосып келеді”, – деп атап өткен ол Халықаралық Түркі академиясының жұмыстарына жоғары баға беріп, ризашылығын білдірді.

Ал Түркия елшісі Невзат Уянык Түркі кеңесіне бауырлас Өзбекстанның қосылуын зор қуанышпен қабылдағанын жеткізді. “Осындай маңызды шешім қабылдаған Өзбекстан Республикасының Президенті Шафкат Мирзиеевке және Түркі кеңесінің негізін қалаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз” деді ол.

Түркі кеңесіне қосылғанына қуанышты екенін білдірген Өзбекстан елшісі   Саидикрам Ниязходжаев: “Көп кешікпей осы төрдегі тулардың қатарынан Өзбекстан байрғын да көретін боласыздар”, – деді.

Басқосу соңында Академия басшысы елші Невзат Уянык мырзаға арнайы құрмет көрсетті. Қазақстандағы дипломатиялық қызмет мерзімі кезінде Академия жұмысына көрсеткен қолдауы мен атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдіріп, шапан кигізді.

Қатысушыларға Академия шығарған бағалы кітаптар тарту етілді.

Close