Жаңалықтар

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлімен кездесті

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлімен кездесті. Бұл туралы Қырғызстан Президентінің ресми сайты хабарлады.

Кездесуге Түркі академиясының қызметкері, профессор Кадыралы Конкобаев қатысты. Тараптар білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелері туралы пікірлесті.

Мемлекет басшысы Түркі академиясының 2018 жылы Шығыс Айтматовтың 90 жылдығы аясында өткізген маңызды шараларын жоғары бағалап, “Манас” эпосының зерттелуі мен танылуына атсалысқаны үшін алғыс айтты.

Сонымен қатар, Сооранбай Жээнбеков түркі әлемінің ұлы тұлғаларына, ортақ тарихы мен мәдениетіне арналған халықаралық конференцияларды, форумдар мен семинарларды өткізудегі Академияның белсенді жұмысына да өз ризашылығын білдірді. Ол мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың бауырлас елдер арасындағы интеграцияны нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.

Президент Сооронбай Жээнбеков Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік” еңбегінің 950 жылдығына орай алдағы қараша айында Қырғыз Республикасында өткізілгелі отырған халықаралық конференцияның жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесі) ісбасындағы төрағасы – Қырғыз Республикасының Президентін Академия қазіргі таңда атқарып жатқан іргелі істерімен және алдағы маңызды міндеттерімен таныстырды.

Дархан Қыдырәлі түркі тарихы мен мәдениетін әріқарай кең таныта түсу мақсатында Қырғызстанның ғылыми және білім беру ұйымдарымен әріптестік байланыстарды тереңдете түсуге дайын екенін білдірді.

Close