Жаңалықтар

Түркі интеграциясының архитекторы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы Түркі академиясы басшысының мақаласы жарияланды

Қазақстан Республикасының жүз жылдық тарихы бар бас басылымы саналатын “Егемен Қазақстан” газетінің бүгінгі санында Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлінің “Түгел түркіні түгендеген” деп аталатын жаңа мақаласы жарияланды.

Ертең Бакуде басталатын Түркі кеңесі елдері мемлекет басшыларының VII Саммиті қарсаңында жарияланған мақалада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың түбі бір тамырлас елдерді жақындастырудағы, түркі интеграциясының негізін қалап, іргесін нығайтудағы орасан зор еңбегі сараланған.

Мақала авторының айтуынша, түркі дүниесі үшін тарихи шешім болған Нахчыван келісімінің 10 жылдығына орайлас өтетін аталған Саммит барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы арнайы мәртебесі берілмек. “Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев барша түркі әлемінің мойындалған рухани жетекшісі саналады. Сондықтан оны «түркі интеграциясының архитекторы» деп атайды. Халықаралық Түркі академиясының «Түрікбарометр» деп аталатын әлеуметтік жобасы (2017 және 2018 жылдар) осыны растайды. Назарбаевтың есімі Ататүрікпен қатар түркі елдеріне кеңінен танымал тұлғалардың көшін бастайды. Сауалдамада Елбасы – түркі әлеміне ортақ лидер, Қазақстан – түркі халықтарының қарашаңырағы, түпкі ортақ отаны ретінде қабылданғанын айқын аңғарамыз” – делінген мақалада.

Мақаланың толық мазмұнымен сілтеме арқылы таныса аласыздар (Web нұсқасы және PDF нұсқасы)

Close