Жаңалықтар

Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің Жоғары орденімен марпатталды

Бакуде өткен Түркі кеңесінің VII Саммиті барысында түркі әлемінің лидері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің Жоғары орденімен марапатталды.

Саммитті ашқан Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев: “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүгін Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VII Саммитіне Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесінде қатысып отыр. Президент Режеп Тайип Ердоғанның ұсынысымен және Кеңеске мүше елдер Мемлекет басшыларының ортақ шешімімен Нұрсұлтан Әбішұлына Құрметті Төраға мәртебесі берілді. Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің негізін қалап, түркі әлеміндегі бауырластық байланыстарды дамытуда Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосып келеді” – деп атап өтті.

Сөз соңында ол Елбасы Н.Назарбаевқа Түркі әлемінің Жоғары орденін салтанатты түрде табыс етті.

“Маған “Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы“ мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін Президент Режеп Ердоғанға алғыс білдіремін. Осы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ортақ ұйымымыздың жұмысына одан әрі белсенді қатысуға мүмкіндік береді”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы өз кезегінде.

Close