Жаңалықтар

Түркі кеңесінің VII Саммиті өтті: Өзбекстан Прeзиденті Түркі академиясына мүше болуға дайын екенін мәлімдеді.

Түркі дүниесінің шамшырағы саналатын Баку қаласында Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесінің) VII Саммиті өтті.

Бұл Саммит осы Әзербайжанда қол қойылған тарихи Нахчыван келісіміне 10 жыл толуымен орайлас келіп отыр. Жиынның маңызын арттыра түскен тағы бір оқиға – түркі интеграциясының бастауында тұрған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесіне бірауыздан лайық деп танылды. Бұған қоса, бауырлас Өзбекстан Республикасы Түркі кеңесіне толық мүше болып қабылданды.

Осылайша түркі дүниесінің бірлігін бекемдей түскен мерейтойлық Саммитке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Соорон­бай Жээнбеков, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, бақылаушы мемлекет мәртебесіндегі Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және қонақ ретінде Түрікменстан Пре­мьер-министрінің орынбасары Пурли Агамурадов келді.

Сонымен бірге, жоғары деңгейдегі басқосуға түркі интеграциясы аясындағы барлық институционалдық құрылымдардың басшылары, соның ішінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қатысты. Саммит шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне арналғандықтан мүше мемлекеттердің сауда-өнеркәсіп палаталарының жетекшілері де шақырылды.

Саммитті ашқан Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Кеңеске табысты төрағалығы үшін Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков пен түркі интеграциясы аясының Еуропа бағытында кеңеюіне қолдау көрсетіп келе жатқан Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзиёевті Түркі кеңесіне қабылдануымен құттықтады. “Өткен айда Будапештте Түркі кеңесі өкілдігінің кеңсесі жұмыс істей бастады. Бұл кеңсе біздің Еуропа елдерімен және сол аймақтағы ұйымдармен байланыстарымызды жақсарта түсуге серпін беретініне сенемін” деді ол.

Осыдан кейін Түркі кеңесінің ісбасындағы төрағасы, Қырғызстан Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков сөз алып,  атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Ірге көтергеніне 10 жыл толып отырған Түркі кеңесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екенін атап өткен ол: “Қырғызстан Түркі кеңесінің Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына бақылаушы мәртебесін алуы бойынша араб елдерімен жемісті жұмыс жүргізді. Енді бұл бағыттағы жұмысты хатшылық жалғастыруы тиіс. Сондай-ақ Ош қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Осы бастама аясында “Түркі әлемінің этномәдени фестивалі”, “Байырғы Ош – өркениет орталығы” сияқты халықаралық іс-шаралар өтті. Баршаңызға осы жұмыстарды атқаруға көрсеткен қолдауларыңыз үшін ризашылығымды білдіремін” деді.

Кеңес төрағалығын Қырғызстан тарапынан қабылдап алған Президент Ильхам Әлиев бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстарды жақсарта түсу мәселелеріне тоқтала келіп, Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту идеясын қолдайтынын айтты. “Сенімді транзиттік мемлекет ретінде Әзербайжан барлық түркі елдеріне тауарларын әлемдік нарыққа шығаруға қолдауын жалғастыра береді” деді ол.

Сөз соңында Түркі кеңесінің жаңа төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевқа Түркі әлемінің Жоғары орденін салтанатты түрде табыс етті.

Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саммитте Президент Шавкат Мирзиёевті және барша өзбек халқын Түркі кеңесіне толық мүшелікке қабылдануымен құттықтады. “Кеңестің құрамына Өзбекстанның мүше болуы – бүкіл түркі тілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен оқиға”, – деді Елбасы.

Бұдан әрі өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің құрылу тарихына тоқталып, алғашқы он жылдық белестегі негізгі жетістіктерді атап өтті: “Мерейтойлық межеге біз жақсы жетістіктермен жеттік. Біріншіден, жаһандық тұрғыда да, өз ішімізде де ұйымға сұраныс бар екенін әрі оның өзектілігін дәлелдей алдық. Екіншіден, Кеңестің қатары Өзбекстан мен Мажарстан есебінен толықты. Бұл біздің бірлескен  жылнамамыздың жаңа парағы. Үшіншіден, елдеріміз салмақты институционалдық архитектура қалыптастырды. Төртіншіден, Кеңестің өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси және экономикалық беделі өсіп келеді. Бесіншіден, Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасы қабылданды”, – деді Құрметті Төраға.

Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаев 10 жылда қалыптасу кезеңінен өтіп, дамуының жаңа белесіне көтерілген түркі ынтымақтастығын бұдан әрі тереңдете түсу үшін “Түркі келешегі – 2040” бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бұл түркі әлемінің стратегиялық даму жолын айқындайтын маңызды құжат болмақ. Оның айтуынша, бұл құжатқа түркі тілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуге тиіс.

Елбасының екінші ұсынысы бойынша, қабырғасы қатайған кеңесті Ұйым деңгейіне көтеретін кез келді. Осылайша “Түркітектес мемлекеттер ұйымы” деп атауға болатынын айтты ол.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түбі бір туыс елдерді жақындастырудағы өлшеусіз еңбегі мен терең идеяларын жоғары бағалайтынын жеткізді.

“Құрметті бауырлар, біз Түркі кеңесінің әлемдегі ықпалының артып келе жатқанына куә болып отырмыз. Біз кеңесіміздің өзге де халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыстарды нығайта түскенін жөн санаймыз. Атап айтқанда, Түркі кеңесі БҰҰ Бас Ассамблеясына және Ислам ынтымақтастығы ұйымына бақылаушы мәртебесін алды” деді Түркия Мемлекет басшысы.

Сөз соңында ол келесі Саммитті Түркияда өткізуді ұсынды және Түрікменстан Республикасын да кеңестің толық мүшесі ретінде көруге үмітті екенін айтты.

Өзбекстан Прзиденті Шавкат Мирзиеев те Түркі Кеңесінің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырластық байланыстарды дамытудағы орасан зор еңбегін атап өтіп, жоғары наградасымен құттықтады.

“Құрметті саммитке қатысушылар, біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты әріқарай дамытушы маңызды фоктор деп санаймыз. Баршамыз Юнус Эмре, Әлішер Науаи, Физули, Мақтымқұлы, Абай сияқты түркі әлемінің ұлы тұлғаларына зор құрметпен қараймыз. Осы орайда, “Түркі әдебиеті жауһарларының 100 томдығы” сериясымен өз ана тілдерімізде кітаптар шығаруды ұсынамын. Оған Кеңеске мүше елдердің ең таудаулы әдеби туындылары енгізілуге тиіс” деді Өзбекстан Республикасының Президенті.  Сонымен қатар ол Халықаралық Түркі академиясына да мүше болып қабылдануға әзір екенін мәлімдеді.

Түркі кеңесіне, сонымен қатар Халықаралық Түркі академиясына бақылушы мемлекет саналатын Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан білім саласындағы ынтымақтастықтың жақсы жолға қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мажарстан үкіметі 725 білім стипендиясын Түркі кеңесіне мүше мемлекеттерден келетін студенттерге арнайы тағайындап отыр. Премьер-Министр алдағы уақытта бұл көрсеткішті ұлғайта түсуге дайын екенін айтты.

Бұдан кейін Саммитке қонақ ретінде қатысқан Түрікменстан Премьер-министрінің орынбасары Пурли Агамурадов сөз алып, бауырлас елдер арасындағы мәдени дипломатияның маңызына тоқталды.

Өз кезегінде Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев Мемлекет басшыларына хатшылық жұмысының есебін таныстырды.

Саммит жұмысын Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қорытындылап, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мен Мемлекет басшыларын арнайы дастарханға шақырды.

Жоғары деңгейдегі жиынның соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.

Close