Жаңалықтар

Түркі академиясының басшысы Д.Қыдырәлі Әзербайжан Республикасының Білім министрімен кездесті

Бакуде Түркі кеңесінің VII Саммитіне қатысқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Республикасының Білім министрі Жейхун Байрамовпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Түркі академиясы аясында атқарылатын іс-шараларды талқылап, Түркі кеңесінің VII Саммитінде Мемлекет басшылары атап өткен білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікірлесті.

Сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясының Білім кеңесінің тізгіні Саммиттен кейін Әзербайжан тарапына берілгендіктен, Білім министрі жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Келіссөз аясында тамырлас түркі елдеріне ортақ оқулықтар әзірлеу жайында да сөз болды. Айта кету керек, Түркі академиясы әзірлеген 8-ші сыныпқа арналған “Ортақ түрк тарихы” оқулығы биыл Әзербайжанның 157 мектебінде оқытыла бастайды, ал келесі жылдан бастап елдегі барлық мектептің оқу бағдарламасына енгізілмек.

Close