Жаңалықтар

Көрнекті түрколог, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың қос кітабы таныстырылды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен танымал ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың “Ұлы Дала әдебиеті” монографиясының және “Қорқыт Ата кітабы” аудармасының таныстыру рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өткен салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді, Түркия Елшісі Невзат Уянык, Қырғызстан елшісі Жээнбек Кулубаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Мәжіліс депутаттары Бақытжан Ертаев, Сауытбек Абдрахманов, Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас муфти Серікбай қажы Ораз, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, бірқатар БАҚ басшылары қатысты.

Алқалы жиынды ашқан Академия басшысы Д.Қыдырәлі бірегей басылымдардың түркология саласына қосылған бағалы еңбектер екенін атап өтті. “Таныстырылып отырған “Ұлы Дала әдебиеті” кітабын Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп шығарды.  Ал “Қорқыт ата кітабын” Мырзатай аға біздің тілімізге аударды дегеннен гөрі, құнды мұрамен қайта қауыштырып отыр дегеніміз дұрыс, өйткені Қорқыттың өзі осы Ұлы Дала тілінде сөйлеген” – деді ол. Жиналғандар бұл сөзге қошамет көрсетіп жатты.

Өз кезегінде Мырзатай Жолдасбеков әр жерде жарияланған еңбектерін жинақтап, көлемді кітап етіп шығаруға атсалысқан Халықаралық Түркі академиясына ризашылығын білдірді. “Бұл менің өмір бойы зерттеп жүрген еңбектерім. Өте қуаныштымын, бас-аяғы жинақталып, бір кітапта қамтылды. Ал екінші кітапқа тоқталсам, бұрынғы көне түркі ескерткіштерін қайта жаңғыртудағы тәжірибемді пайдаланып, Гүлім Шәдиева қарындасымды қасыма алып, төрт жылдың бедерінде осы «Қорқыт Ата кітабын» қазақша жаңашалап шығардым», – деді Мырзатай Жолдасбеков.

Осыдан кейін мәртебелі меймандардың қатысуымен кітаптардың лентасы қиылып, оқырманына жол тартты.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жаңа кітаптар еліміздің руханиятына қосылған мол мұра екенін атап өтті: “Бүгін халқымыздың рухани қазынасы тағы бір тағылымды және танымды дүниемен толығып отыр. “Ұлы Дала әдебиеті” мен Қорқыт бабамызға арналған бүгінгі еңбек біздің рухани өміріміздегі айрықша жаңалық деп санаймын. Қазақта “Озған ел тарихын таспен жазады, ал тозған ел тарихын жаспен жазады” деген даналық сөз бар. Біздің ата-бабаларымыз осы Орхон, Күлтегін ескерткіштері арқылы тарихымызды таспен терең таңбалап кеткен. Еңбектердің авторы Мырзатай ағамыз сонау Кеңес заманынының өзінде төл әдебиетімізді зерттеп, тарихын сан ғасырға тереңдеткен тұлға”, – деді Мемлекеттік хатшы.

 Ал Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев таныстырылып отырған еңбектер қазақ тарихының тамыры теңде екенін айқындай түсетінін айтты: “Мырзатай ағаның бұл еңбектері болашақ ұрпаққа арналған маңызды ғылыми мұра болып саналады. Осы басылымдар біздің тарихи тамырымыздың тереңде жатқанын көрсетеді”, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар алқалы жиынға арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның құттықтауын жеткізді. «Сіздің тағылымы мол тағдырыңыз көпке үлгі. Егемен еліміздің сындарлы саясатын дамытып, беделін арттыруға, тарихын толғап, мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлесіңіз зор. Адам өмірінің мағыналы да, мазмұнды тұстары дамылсыз атқарған еңбектің қастерлі белестері мен адамдық адалдығымен өлшенеді. Бүгінгі «Ұлы Дала әдебиеті» мен «Қорқыт Ата кітабының» жарыққа шығуы да сол ерен еңбек жолындағы жетістіктеріңіздің бағасы. Бұл туындыларыңыз терең зерделеніп, болашақ ұрпаққа тарту ретінде үлкен еңбекпен келген дүние екенін ұғынамыз. Осы жолдағы шығармашылық шабытыңыз сарқылмасын», – делінген Жоғары Палата спикерінің құттықтауында. Өз сөзінде министр алдағы жылы аталған екі кітаптың да маңыздылығына байланысты қайталап басылатынын мәлімдеді.

Бұдан соң ортаға белгілі композитор, қобызшы Әлқуат Қазақбаев шақырылып, жиналғандардың алдында Қорқыттың “Қоңыр” күйін орындап берді.

Қорқыт күйінен кейін сөз кезегін алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Мырзатай Жолдасбеков түркологиядағы зерделі зерттеулерінен бөлек, азаттықтың арайлы жылдарында тәуелсіздіктің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет қайраткері екенін аттап өтті.

Сонымен қатар, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді М.Жолдасбеков еңбектерінің түркі халықтары үшін маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті.

Бұдан кейін Бас мүфти Серікбай қажы Ораз кітаптардың авторына жылы ілебіздерін білдіріп, зор денсаулық тіледі.

Айта кету керек, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы мен “Ұлы Даланың жеті қыры” мақаласында айтылған тапсырмаларды айқындай түсетін аталған екі басылым да түркология саласына қосылған құнды ғылыми мұралар саналады.

Атап айтқанда, “Қорқыт ата кітабының” Мырзатай Жолдасбековтың Гүлім Шәдиевамен бірлесіп жасаған аудармасында әйгілі тарихи шығарма Дрезден нұсқасы бойынша тұңғыш рет қазақ тіліне толық аударылып, транскрипциясы мен сөздігі  қоса ұсынылып отыр.

Ал Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп шығарған “Ұлы Дала әдебиеті” монографиясында М.Жолдасбековтың көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты зерттеу еңбектерімен қоса, қазақ әдебиетінің бірқатар мұралары жайындағы туындылары қамтылған.

Close