Түркі әлемінің киелі жерлері

Жошы хан кесенесі

Қазіргі Жезқазған өңіріндегі Кеңгір өзенінің алқабында, өзеннің жоғарғы солтүстік жағалауында 1228–1230 жылдары «моңғолдық кезең» деп аталып жаңа дәуірге жататын тұңғыш кесене – Жошы хан кесенесі салынды. Кесене орналасқан жерден Кеңгір өзенінің алқабына қарай жоғарыдан қарағанда кең жазықтық жатыр.

Кесененің архитектуралық жобалау, көлемдік-кеңістік шешімі алдыңғы кезеңдегі сәулет өнері дәстүрлеріне негізделген. Сондай-ақ оның архитектурасында жаңа элементтер де кездеседі.

Ғимарат дәстүрлі түрдегідей оңтүстік батысқа қаратылған.

Кесене жоспары екі бөлмеден тұратын тікбұрышты болып келген: жерлейтін бөлме көрхана (5×10×5,20м) сфералық мұнарамен жобаланған, порталдық қуысында орналасқан, сүйір формалы мұнаралармен жабылған зиратхана (2,96×10×2,26 м). Ғимарат көлемі 26×26×5cм күйдірілген қызыл кірпіштен, сынық кірпіштерден тұрғызылған аса терең емес іргетасқа қаланған.

Өрнекке пайдаланған тақта кірпіштердің ауданы 45×45 см. Ішкі күмбездің (биіктігі 7,90 м) салмағын “жалған еңсе” шығару тәсілімен белдеулерге жайса, сыртқы күмбезді (биіктігі 7,37 м) қырлы барабандарға отырғызған. Ішкі күмбезден шығарылған түндік сыртқы күмбезді орнатқан кезде жабылып қалған. Жарық кесененің екі жақ бүйірінен, барабанның астынан шығарылған терезелерден (35-55 см) түседі. Күмбез бедерлі қалақ кірпіштермен әшекейленген. Күмбезді көп қырлы барабанға орнату – оғыз, қыпшақ тайпаларына тән тәсіл. Ішкі қабырғаларында таңбадан басқа ешбір әшекей жоқ. Еденіне қалақ кірпіштер төсеген. Күмбезді қазу жұмысы кезінде екі қабір табылды. Қабір қабырғаларын үлкен кірпіштен өріп, астына жұқа тақша кірпіш төсеген. Арка, мұнара және шатыр ганчтан жасалған, ал қалған бөліктері саз балшықтан жасалған ерітіндіні қолдану арқылы ерекше әдіспен қаланған. Кесененің едені кірпіштен төселген. Жошы хан кесенесі республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекет тізіміне енгізілген.

 

Дереккөз: Түркі өнері. Анталогия. Халықаралық Түркі академиясы, 2014 ж.

Close