Түркі әлемінің киелі жерлері

Алаша хан мазары

Ақорда кезеңіндегі Дешті Қыпшақ сәулет өнерінің бағалы монументалды ескерткіштерінің бірі – Қаракеңгір өзенінің ортаңғы ағысы тұсында тұрған Алаша хан мазары. Сол дәуірдің құрылыстарына дәстүрлі түрде қолданылатын сфера формасындағы күмбезбен жабылған және тікбұрышты пішінде салынған. Сондай-ақ, бірыңғай күйдірілген қызыл кірпішпен өрілген. Ескерткіштің жалпы аумағы 9,73×11,91 метр, биіктігі 10 метр, ал күмбезінің диаметрі 5,81 метр.

Кірер алды мейлінше салтанатты, есігі киіз үйдің жармалы сықырлауығына ұқсайды. Осы сықырлауық сияқты кірер ауыздың екі босағасы мен маңдайшасына қос жолақты өрнек тартылған. Бұл жолақтар кірпішпен өріле жоталанып, мазардың мейлінше жинақы, жеңіл көрінуіне әсер беріп тұр.

Сонымен қатар, мазардың сыртқы қабырғаларында кірпіштерді қиюластыра жинау арқылы, алаша үлгісіндегі өрнектер шығарылған. Жалпы көшпелілер дәстүрінде сынтастардан бастап бейіт, молаларға дейін сол жерге жерленетін адамның ең басты қасиетін айқындап көрсету ғұрпы болғаны аңғарылады.

Алаша хан мазарының әрі әсем, әрі берік болуы оның айрықша жобасына, архитектуралық шешіміне де байланысты. Атап айтқанда, тартылған табанынан бастап шаршы пішіндегі төрт қабырға жоғары көтеріле келе мінсіз үйлесімін сақтай отырып, сегіз қырлы жаңа пішінге айналады. Одан әрі осы сегіз қырлы форма жарасымдылығын бұзбай он алты қырлы күрделі шешімге ұласқан. Бұл тәсіл киіз үй уығының иінін елестетеді. Осы он алты қырлы бөліктің үстінен мінсіз күмбез көтеріледі. Мазардың кірер босағасында қалың қабырғаны айнала көтерілетін баспалдақты қуыс бар. Бұл қуыс мазардың екінші қабатына, яғни жоғарыдағы ашық кеңістікке алып шығады.

Жоғарыға шыққан соң балконға ұқсайтын кемер қалқаншаны жағалап он алты қырлы шеңберді айналып шығуға болады. Осы биіктен айнала төңірекке көз салғанда, мазар салынған орынның бұл маңайдағы ең еңселі жер екенін аңғару қиын емес.

Мазардың қабырғаларында кірпіштерді құбылта қалау арқылы таңдай, қиықша, үшкіл, жұлдызша сияқты өрнектер салынған. Кейбір кірпіштердің бетіне, бүйіріне ру таңбалары, ою-өрнектер басылған. Кесене қабырғалары мен күмбезді жалғап тұрған шеңбер тұсындағы шағын алты терезеден күн сәулесі мол құйылып тұрады.

Алаша хан кесенесі қабырғаларының қалыңдығы 1 метрден асады.  Олар көбіне контрфорстың қызметін атқарады және күмбезден түсетін қысымды басып тұрады. Ал күмбез түсіретін салмақты қабырғаларды ішке қарай кіргізе қалау арқылы пайда болған 8 сүйір арка мен пилон сенімді түрде тіреп тұр.

Алаша хан мазары – Қарахан дәуірінің архитектуралық озық үлгісін тал бойына жинақтаған асыл белгі.

Дереккөз: Түркі өнері. Анталогия. Халықаралық Түркі академиясы, 2014 ж. (Фотосуреттер М.Рожиндікі)

Close