Жаңалықтар

Түркияның Қазақстандағы елшілігі Республика күніне орай салтанатты қабылдау өткізді

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілігі ұлттық мейрам – Республика күнінің 96 жылдық мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты қабылдау өткізді.

Мәртебелі меймандар, атап айтқанда дипломатиялық миссия басшылары, парламент депутаттары мен мемлекеттік құрылым өкілдері, БАҚ жетекшілері, қоғам қайраткерлері және журналистер бас қосқан жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бастаған академия ұжымы да қатысып, түркиялық бауырларды мерейлі күнмен құттықтады.

Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Невзат Уянык жиналғандарға Президент Режеп Тайып Ердоғанның арнайы құттықтау сөзін жеткізді.

Елші түркі әлемінің ынтымақтастығына зор үлес қосып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айрықша атап айтты. Ол өз сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жуырда бірауыздан Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесіне лайық деп танылып, түркі әлемінің Жоғары Орденімен марапатталуы осының айқын дәлелі екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Невзат Уянык мырза түркі интеграциясын нығайта түсудің маңызды екеніне тоқталды.

Салтанатты кеш түрік елінің археологиялық мақтанышы – Гебеклі-Тепе ескерткішіне арналған көрмеге жалғасты.

Close