Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған жиын өтті

Бүгін Халықаралық Түркі академиясында Алтын Орда мемлекеті құрылуының 750 жылдығына арналған алқалы жиын өтті.

Басқосуға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Монғолия Премьер-министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Лувсангийн Баттулга, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, белгілі ғалым Смағұл Оразақ, Моңғолияның Сыртқы істер вице-министрі Батмөнхийн Батцэцэг, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, бірқатар ғылыми мекемелердің басшылары, БАҚ жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Моңғолиядан арнайы келген делегацияны қарсы алып, алдымен оларды Түркі музейімен таныстырды. Одан кейін меймандар Түркі академиясының кітапханасына келіп, Академияның Моңғолия бағытында шығарған кітаптарына арналған көрмені тамашалады.

Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы төрт жыл қатарынан Моңғолияда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырған болатын. Осы жұмыстардың нақты нәтижелерін көрген Моңғолия делегациясы өкілдері ризашылықтарын білдірді.

Басқосуды ашқан Түркі академиясының басшысы Д.Қыдырәлі қонақтарды таныстырып, Алтын Орданың 70 жылдығына байланысты атқарылып жатқан іс-шаралар туралы қысқаша айтып өтті. Сонымен қатар екі ел арасындағы байланыстың қарқынды нығайып келе жатқанына тоқталды. “Біздің жыл сайын өткізетін “Ұлы Дала” гуманитарлық ғылымдар форумына Моңғолияның тұңғыш президенті Очирбат мырза арнайы келіп қатысты. Біз ол кісіні Жошы хан кесенесіне апарып көрсеттік. Өздеріңіз білесіздер, жақында Моңғолияның Үкімет басшысы келіп кетті. Енді, міне, Премьер-министрдің орынбасары қонағымыз болып отыр” деді ол.

Алғашқы болып сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жақсы дамығанына тоқталды:

«Тарихымыздан белгілі, біздің бабаларымыз осы Ұлы далада туын тігіп, ордалардың алтын қазығын қаққан. Біз сол қуатты мемлекеттердің бірі Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтудеміз. Мемлекет басшысы тиісті шешім қабылдап, Үкіметке тапсырмалар берді. Бірқатар іс-шараларды өткіздік. Өзіміздің ғалымдарды, мамандарды, сондай-ақ көршілес елдердің ғалымдарын ауқымды зерттеу жұмыстарына тартып, қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.  Сондай-ақ, басқа мемлекеттерде де ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізе отырып, Алтын Орда мемлекетінің тарихын дүние жүзіне кеңінен танытуды мақсат етеміз», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бердібек Сапарбаев бұл бағыттағы жұмыстарда Халықаралық Түркі академиясының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Түркі академиясына бізден бөлек төрт мемлекет кіреді. Атап айтқанда, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, енді жуықта Өзбекстан ниет білдіріп отыр. Ал, Мажарстан өткен жылдан бері бақылаушы мәртебесіне ие. Біз Моңғолияға бөтен ел емеспіз, арғы тарихымыз тамырлас. Сондықтан, Энхтүвшин мырза, сіздерді академияға бақылаушы болуға шақырамын», – деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан бөлек Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Жошы хан кесенесі тұрған Ұлытау өңіріндегі туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты. “Күллі әлем жұртшылығы жақсы білетін Шығыс хан мен оның балаларына арналған жалғыз тарихи ескерткіш Қазақстанда Ұлытау өңірінде тұр. Сондықтан біз ол жердің туристік әлеуетін арттырып, абаттандыратын боламыз”, – деді ол.

Өз кезегінде Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Ө.Энхтүвшин тарихы сабақтас екі елдің ынтымақтастығы алдағы уақытта да нығая беретініне сенетінін білдірді.

«Екі жақты қарым-қатынастың айрықша қарқынды жүріп жатқанына қуаныштымын. Қазақстан жерінде біздің Шыңғыс бабамыздың ұрпақтары өмір сүрген. Атап айтқанда, оның тұңғыш ұлы Жошы ханның кесенесі осы жерде тұрғанын білеміз. Сіздердің Алтын Орданың 750 жылдығына орай ауқымды жұмыстар атқарып, Жошы хан мазарын қорғау, оны туристік орталыққа айналдыру, әлемге таныту мақсатындағы қадамдарыңызды мен ризашылықпен қабылдап отырмын. Біздің еліміз де қолдайды деп сенемін», – деді Өлзийсайханы Энхтүвшин.

Ол өз кезегінде Моңғолия Қарақорымның 800 жылдығын атап өтпекші екенін айтты. “Біз алдағы жылдың тамыз айында Қарақорымның 800 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Осы орайда Халықаралық Түркі академиясының қатысуына мүмкіндігі зор. Себебі ол бір жағынан ғылыми мекеме болса, екінші жағынан халықаралық ұйым мәртебесіне ие. Сондықтан осы беделі зор академиямен бірлесе отырып, бұл бағыттағы шараларды қарқынды жүргізе аламыз деп ойлаймын. Халықаралық Түркі академиясы 2014 жылдан бері Моңғолияның Ғылым академиясымен, Ұлттық музейімен, Археология институтымен, Архивтер басқармасымен әріптестік байланыс орнатып, іргелі жұмыстар атқарғанына ризашылығымызды білдіреміз” – деді Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары.

Сонымен қатар, мәртебелі мейман өзінің қазақстандық әріптесі айтқан Түркі академиясына бақылаушы болу туралы ұсынысқа пікірін білдірді: “Бақылаушы болу туралы ұсынысты қарастырып көруге дайынбыз. Елге барған соң арнайы комиссия құрып, еліміздің заңнамасы аясында шешім қабылдайтын боламыз” – деп жауа берді Ө.Энхтүвшин.

Бұдан кейін академия Ұлық Ұлыс – Алтын Орда тарихына орай шығарған бірнеше кітаптардың тұсаукесер рәсімі жасалды. Энхтүвшин мырза да қалыс қалмай, Моңғолиядан арнайы әкелген байырғы түркі жұртының тарихы туралы кітаптарын Академия басшысына тарту етті.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Моңғолия үкіметі басшысының орынбасарына сол жақтағы көне түркі дәуірінің бағалы ескерткіштерін жақсы сақтап отырғаны үшін ризашылығын білдіріп, мейманды Академияның Вильгельм Томсен медалімен марапаттады. Сонымен қатар, оның иығына дәстүр бойынша зерлі шапан жауып, сегіз өрім қамшы сыйлады.

Өз сөзінде Дархан Қуандықұлы Түркі академиясы алдағы жылы Моңғолиядағы Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өтетінін жеткізді.

Осыдан кейін сөз алған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ежелден жақсы жолға қойылған екі ел арасындағы байланыстың тарихымызды зерттеуге көп шарапаты тиіп жатқанын айтты.

Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов қазақ-моңғол сөздіктерін қарап отырып, ұқсас сөздердің өте көп екеніне көз жеткізгенін айтты: “Бұл біздің елдеріміздің бір-біріне бөтен еместігінің айғағы” деді Әділ Құрманжанұлы.  Белгілі ғалым Смағұл Оразақ та өз сөзінде түркі жұрты мен моңғол халқының бауырлас екендігін тілге тиек етті.

Жиынды қорытындылаған Академия басшысы алыстан арнайы келген меймандарға ризашылығын білдірді.

Close