Жаңалықтар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Түркістан – түркі әлемінің бесігі”

Қазақстан Республикасының Тұғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан өңіріне сапары барысында облыс орталығындағы мәдени-ағарту нысандарының жоспарымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл туралы Тұңғыш Президенттің ресми сайты хабарлады.

Біз төменде Елбасының осы сапары аясында түгел түркі үшін киелі саналатын Түркістанға және түркі дүниесіне қатысты айтқан сөздерінен үзінділер ұсынып отырмыз.

Айта кету керек, өткен айда Баку қаласында өткен Түркі кеңесінің VII саммитінде Қазақстан Респбуликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің Жоғары Орденімен марапатталып, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесі берілген болатын.

* * *

– Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды болашақ астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізді қолдайды деп сенемін.

* * *

– Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның халқымыз үшін орны айрықша бөлек. Ол бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан — қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 танымал адамның 21-і ел басқарған тұлғаларымыз, ал 30-дан астамы жаугершілікте қол бастаған батырлар мен алқалы топта сөз бастаған билер. Түркістан тарихы — күллі қазақтың тарихы.

* * *

– Қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде терең ұялаған. Түркістан – тек бізге ғана емес, күллі түркі жұрттары үшін қасиетті әрі қастерлі мекен. Біздің халқымызда “Мәдинеде – Мұхаммед, Түркістанда – Ясауи” деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас Тұран даласының, түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды.

* * *

– Киелі Түркістан – барша түркі дүниесінің орталығы екені бәрімізге белгілі. Оның мәртебесінің өскеніне бауырлас ағайындар – Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан барлығы қуанып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Түркістанның 1500 жылдығын атап өтеміз деп біраз шаруаны жасаған болатынбыз. Сол кезде біз осы алаңда кездесіп, пікір алмастық. Сонда мен “болашақта Түркістан рухани орталығымыз болады” деп айтқан едім. Біздің сол мұратымыз орындалып жатыр.

* * *

– Бұл түркі халықтарының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген.

 

Close