Жаңалықтар

Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі Мажарстан Елшісімен кездесті

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Мажарстан Республикасының Қазақстанда жуықта тағайындалған Төтенше және өкілетті елшісі Антал Хейзер мырзамен кездесті.

Академия басшысы Мажарстан Елшісіне алдымен Tүркі музейін аралатып көрсетті. Бұдан кейін Түркі академиясы кітапханасының жұмысымен таныстырды. Мұнда ол кезінде академия қорына тапсырылған әйгілі түрколог Иштван Мандоки Қоңырдың жеке кітап қорын көрді. Академия басшысы алдағы уақытта көрнекті ғалымның құрметіне арналған шаралар өтетінін айтты.

Екі жақты кездесу барысында Дархан Қыдырәлі Елшіні жаңа тағайындалған қызметімен құттықтады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы сөз қозғалды. Әсіресе ғылыми интеграцияның маңызы зор екені айтылды. Дархан Қуандықұлы қазіргі таңда академияның бастамасымен жасалып жатқан ортақ жобаларға мажар ғалымдарының да белсенді қатысуына болатынын айтты.

Тараптар кездесу барысында мәдениет, білім және ғылым бағытындағы көптеген жұмыстардың жоспарын талқылады. Өз кезегінде Мажарстан тарапы талқыланған жоспарлардың іске асуына және ғылыми зерттеу жұмыстарына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Айта кету керек, Мажарстан Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы мемлекет болып саналады. Сонымен қатар, бірқатар мажарстандық ғылыми және білім беру ұйымдары мен Академия ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасып, әріптестік байланыстарды тереңдете түсуде.

Close