Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясы қазақ тілінің жаңа әліпбиі үлгісін талқылауға қатысты

Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің латын тіліндегі әліпбиі үлгісін жетілдіруге тапсырма берген болатын. Осыған орай Алматы қаласында «Қазақ тілінің жаңа әліпбиі: Тіл мамандарының ортақ тұжырымы» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Басқосуға Қазақстан Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі жұмыс тобы, Халықаралық Түркі академиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, сонымен қатар бірқатар жоғарғы оқу орындары мен ғылыми мекемелердің тіл білімі саласындағы білікті мамандары мен мемлекеттік мекеме өкілдері қатысып, пайымды пікірлерімен бөлісті.

Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясы атынан қатысқан профессор Қадырәлі Қонқабаев қатысушыларға академияның бастамасымен латын графикасында басылған «Манас» дастанын таныстырды. Кітапқа әйгілі жырдың 1921-1928 жылдар аралығында белгі жырау Сағымбай Оразбақовтың өз аузынан жазылып алынған нұсқасы қол жазбасының факсимильесі мен оның латын әліпбиіндегі транскрипциясы берілген. Осылайша Халықаралық Түркі академиясы зерделеп ұсынған ортақ түркі латын әлібиінде басылған алғашқы кітап А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының кітапханасына табысталды.

Қ.Қонқабаевтың айтуынша, Қазақстандағы қазақ тілінің жетілдірілген жаңа әліпбиі қабылданса, оның басқа да түркі тілдес елдердер үшін үлгі болары анық.

«Қазақ тілінің жаңа әліпбиі: Тіл мамандарының ортақ тұжырымы» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстелдің қатысушылары бірауыздан қазақ тілінің латын негізді әліпбиін мақұлдады.

Close