Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясы ұлы көшбасшы Мұстафа Кемал Ататүрікті құрметпен еске алады

Бүгін Түркия Республикасының негізін қалаушы, ұлы көшбасшы Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің дүниеден озған күні. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясының басшылығы және ұжымы түркі дүниесіне ортақ тұғырлы тұлғаны құрметпен еске алып, тағзым етеді.

Түрік халқының ержүрек перзенті Мұстафа Кемал Ататүрік барша түркі дүниесінің ортақ тарихында айрықша орын алатын даңқты тұлға. Оның қол бастаған көсемдігі, қуатты мемлекет құрған көшбасшылығы мен жаһандық күштердің қалыптасуына ықпал еткен қайраткерлігі түркі халықтарының есінде мәңгі сақталады.

Сонымен қатар, Мұстафа Кемал Ататүрік түркі дүниесінің қайта қуаты артып, бірлігі нығаятын бүгінгі күнін көрегендікпен болжай білді. Ол Түркия Республикасының 10 жылдығын мерекелеу кезінде сөйлеген сөзінде, Кеңес одағы құрамындағы бауырлас елдердің түптің-түбінде еркіндігін алатынын, сол кезде оларға қолдау көрсету қажет екенін серіктеріне және келешек ұрпаққа аманат етті.

Бүгінде Ататүріктің сол асыл арманы орындалып, Түркі кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті және мирасы қоры қатарлы ұйымдардың қанаты қатайып, аясы кеңейіп келеді. Түркия Республикасы аталған ұйымдардың барлығына мүше болып, қолдау көрсетуде.

Айта кету керек, биыл түрік халқының ер жүрек ұлы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күреске 100 жыл толды. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды Ататүрік рухына арнап, ұлт көсемінің танымал еңбегі «Жолдау» кітабын тұңғыш рет қазақ тіліне толық аудырып жарыққа шығарды.

Close