Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясының ұжымы Ататүрікті еске алу шарасына қатысты

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының ұжымы Нұр-Сұлтан қаласында Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілігі ұйымдастырған Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу шарасына қатысты.

Жиналғандар түрік халқының ержүрек перзентін бір минут үнсіздік жариялап құрметпен еске алды.
Шара аясында Мұстафа Кемал Ататүріктің өмір жолы туралы фотокөрме ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, қатысушылар тұғырлы тұлғаның Ататүрік саябағындағы ескерткішіне арнайы гүлшоқтарын қойды.

Ататүрік ТүркияҰлы ұлттық жиналысының төрағасы, одан кейін ел президенті ретінде Түркияда және жаһандық саясатта зор даңққа ие болған тұлға. Түркияда «Аныт қабир» басында ресми мемлекеттік орган өкілдерінің, жұртшылықтың қатысуымен Ататүрікті еске алу шарасы тұрақты өтіп тұрады.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Түркияның тәуелсіздігі үшін ту көтерген ұлттық-революциялық қозғалысты басқарған ол жаңа мемлекет құруға қол жеткізіп, бірқатар саяси, әлеуметтік және мәдени реформаларды табысты жүзеге асырды.

Ататүрік 1938 жылы 10 қараша күні Ыстанбұлда қайтыс болған. Оның денесі Анкараға жеткізіліп, сондағы этнография мұражайына жерленеді. Ал 15 жылдан кейін, яғни 1953 жылы қазіргі кесенесіне көшірілді. Бұл кесене түрікше «Аныт қабир» («Ескерткіш қабір») деп аталады.

 

Close