Жаңалықтар

Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты конференция өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Талас құрылтайының және Ұлық ұлыс – Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы кеңінен аталып өтілуде. Осыған орай бүгін Халықаралық Түркі академиясы тарихи Тараз жерінде “Талас құрылтайы: тарих пен тағылым” атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп отыр.

М.Қ.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетімен бірлесе ұйымдастырылған алқалы жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Мақметқали Сарыбеков, сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресей мемлекеттерінен шақырылған танымал ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысуда.

Алдымен пленарлық мәжіліс өтіп, мәртебелі меймандар Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығын атап өту және Жошы хан есімін ұлықтау, 1269 жылғы Талас құрылтайы, Жүсіп Баласағұнның “Құтадғұ білік” туындысының 950 жылдығы жайында орамды ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерімен бөлісті.

Тағылымды шараны жүргізіп отырған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі: «Екі мың жылдық тарихы бар киелі Тараз Түркі қағанатының орталығы болған, осы жерде түркі халықтары ислам дінін қабылдаған, Қарахан мемлекеті қанатын жайған, Қазақ хандығының қазығы қағылған. Бүгінгі біздің шарамызға арқау болып отырған оқиға – 1269 жылы өткен Талас құрылтайы. Алтын Орда мемлекетінің, Шағатай ұлысының және Моғолстанның негізі қаланған тарихи басқосу» дей келе алғашқы сөз кезегін Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа берді.

 

Үкімет басшысының орынбасары өз кезегінде тереңнен тамыр тартатын қазақ тарихын халықаралық деңгейде насихаттаудың маңызды екенін айтты: “Өздеріңіз жақсы білесіздер, тарихсыз болашақ болмайды. Біз тарихымызды баршаға көрсете алу үшін зерттеп, зерделей түсуіміз керек. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы арнайы тапсырма берді. Осыған орай біз Түркияда, Татарстан Республикасында шаралар өткіздік. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады”, – деді ол.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев Тараз өңірін ірі халықаралық туристік орталыққа айналдыруға болатынын айтты. Сонымен қатар, Жошы хан есімін ұлықтауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. “Үкіметіміздің атынан ең алдымен шет елден арнайы келіп отырған ғалымдарға ризашылығымды білдіремін. Біздің түп тамырымыз бір. Біз бірлесе отырып тарихымызды әлемге таныта аламыз. Жақында мен Халықаралық Түркі академиясында Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Энхтувшин мырзамен кездестім, ол біздің бастамаларымызға өз елі тарапынан қолдау көрсететінін айтты”, – деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.

Осыдан кейін сөз алған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов мұндай тарихи жиынның “кезінде Елбасының өзі “Тараз – тарихымыздың темірқазығы” деп бағалаған” өңірде өтуі бекер емес екеніне тоқталды. Сонымен бірге ол арнайы “Руханият және тарихтану орталығы” ғимаратының салынып жатқанын мәлімдеді. “Атының өзі айтып тұрғандай, мұндағы мақсатымыз – тарихымызды тереңдете зерттеп, текті екенімізді көрсету, тарихтан тағылым алу” – деді өңір басшысы. Бүгінгі жиынға арқау болған тарихи оқиғаның да Әулиеата жеріне тікелей қатысты екеніне тоқталған Асқар Исабекұлы “Бұл тарихымызға көрсетіліп отырған тағы бір үлкен құрмет. Сондықтан бүгінгі конференция алдағы үлкен мақсаттарға жол ашатын қадам болады деп ойлаймын. Осындай маңызды жиынды ұйымдастырушыларға және келген қонақтарға алғысымызды білдіреміз” деп қортындылады өз сөзін.

Бұдан кейін мінберге Қырғызстанның алғашқы парламентін басқарған Медеткан Шерімқұлов шықты. Ол Талас құрылтайының бауырлас елдер үшін маңызды тарихи оқиға болғанына назар аударды.

Моңғолиядан келген мейман, осы елдің Ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сүхбаатар Дагваадорж Талас құрылтайының маңызды тарихи шешім қабылдаған басқосу болғанын айтты. Оның пікірінше, 1269 жылы Хайдудың шақыруымен өткен құрылтай ең алдымен көшпелі мемлекеттік басқару дәстүрлерін нығайта түсті.

Одан кейін сөз кезегін алған Өзбекстан Ғылым академиясы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Фархад Максудов Алтын Орда дәуіріндегі қыпшақ тілінің қазіргі өзбекшені қалыптастыруға ықпалы туралы ойларымен бөлісті.

Татарстан Ғылым академиясы А.Х.Халиков атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Айрат Ситдиков Алтын Орда мемлекеті қазіргі Еуразия кеңістігінің қалыптасуына ықпал еткен қуатты мемлекет болғанын атап өтті.

Ресейден келген тағы бір ғалым, Ш.Марджани атындағы ғылыми және мәдени бағдарламаларды қолдау және дамыту қорының вице-президенті Мурад Заргишиев өз кезегінде осындай маңызды жиынға қатысуға мүмкіндік берген Халықаралық Түркі академиясы басшысына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, ол Қазақстанда Жошы ұлысының, Алтын Орда мемлекеті тарихының жоғары деңгейде зерттеліп жатқанына қуанатынын айтты. «Өйткені бұл біздің ортақ тарихымыз» деді ол.

Бұдан кейін қатысушылар үш секцияға бөлініп, ғалымдардың мазмұнды баяндамаларын тыңдап, нақытыланған тақырыптар бойынша пікірлесті. Бірінші секция Талас құрылтайы мен оның мемлекеттік дәстүрге, елдік санаға ықпалы тақырыбына арналса («Талас құрылтайы: мемлекеттік дәстүр мен елдік сана»), екінші секцияға жиналғандар Алтын Орда мемлекетінің мирасы мен тарихына жаңаша көзқарастар мен бағыттарды отырысқа арқау етті («Алтын Орда тарихы мен мирасы: жаңаша көзқарастар мен бағыттар»).

Сонымен қатар, «Түркі әлемінің әлеуметтік ой тарихындағы «Құтадғұ Білік» деп аталатын үшінші секция түркі дүниесінің ортақ мұрасы Ж.Баласағұнның «Құтадғұ білік» кітабының 950 жылдығына арналды.

Конференцияның екінші күні қатысушылар мен қонақтар тарихи Тараз жеріндегі Қарахан баба, Дәуітбек, Айша бибі және Бабаджа хатун кесенелерін аралап, Ерте ислам дәуірі мешітімен және «Көне тараз» тарихи-мәдени орталығымен танысады деп күтілуде.

Close