ЖаңалықтарТүркі әлемі

Академия басшысы танымал қырғыз ғалымдарын «Вильгельм Томсен» медалімен марапаттады

Бүгін Бішкек қаласында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі белгілі қырғызстандық ғалымдар Четин Жумагулов, Ташполот Садыков және Ташманбет Кененсариевті «Вильгельм Томсен» медалімен марапаттады.

Академия басшысы аталған наградаларды түркология саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген ғалымдарға Бішкекте өткен «Бекем бауырластық байланыстар» атты қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы барысында табыс етті.

Бұған қоса, Түркі академиясының басшысы Қырғызстан парламентінің тұңғыш төрағасы болған, мемлекет және қоғам қайраткері Медеткан Шеримкуловты 80 жасымен құттықтап, арнайы құрмет көрсетті.
Айта кету керек, жуықта 70 жасқа толған танымал ғалым, профессор Ташполот Садыков түркі дүниесінің мәңгілік мұрасы Манас дастанының үлкен түсіндірме сөздіктерін және мәліметтер базасын жасап, маңызды ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді.

Сонымен қатар, байырғы түркі тілін қазіргі қырғызшамен ұштастыра зерттеп келе жатқан Четин Жумагулов пен белгілі тарихшы, профессор Ташманбет Кененсариев та түркология саласында өзіндік қолтаңбалары бар ғалымдар.

Close