ЖаңалықтарКітаптар

Бішкекте Академияның Қырғызстан бойынша шыққан жаңа кітаптары таныстырылды

Бүгін Бішкек қаласында өткен «Бекем бауырластық байланыстар» атты қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы аясында академияның Қырғызстан бағытында шығарған бірнеше жаңа кітабы таныстырылды.

Атап айтқанда, О.Караевтың «Чагатайский улус. Государство Хайду. Моголистан» атты бағалы еңбегі Шағатай ұлысының, Хайду мемлекеті мен Моғолстанның ірге көтерген сәтінен ыдырауына дейінгі саяси тарихын қамтиды. Кітапқа негізінен шығыс жазба деректері арқау болған.

Сонымен қатар, қырғыз халқындағы «Ер Есім» атты тарихи дастанның алғаш рет белгілі ақын Тоғолок молда жырлаған нұсқасы бойынша қазақ тіліне аударылған басылымы көпшілік назарына ұсынылды. Тарихи эпос Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтындағы қолжазба қорында сақталған түпнұсқа мәтінімен текстологиялық салыстырулар жасала отырып әзірленген және ғылыми түсініктер қоса берілген.

Бұған қоса, форум аясында тұсаукесер рәсімі өткен Зайнидин Курмановтың «Кыргызский филиал партии «Алаш»: создание, деятельность, судьба» деп аталатын кітабы екі ел тарихының кейбір ақтаңдақ беттерін түгендей түсетін мазмұнды басылым саналады. Сондықтан Қырғызстан астанасында алғаш таныстырылған аталған еңбек қазақстандық тарихшылар мен жалпы оқырман қауым үшін де қызықты болмақ.

Close