Жаңалықтар

Академия басшысы Орынборға іссапармен барды.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Ресей Федерациясына іссапар барысында, Орынбор қаласындағы тарихи орындарға барды. Сапар «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтой аясында ұйымдастырылды.

Орынборда академия басшысы “Ұшқын” (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің алғашқы редакциясы орналасқан ғимаратына, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов 1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» газетін шығарған кезде тұрған үйіне  және 1920-1924 жылдарда аралығында Қазақ Үкіметі орналасқан тарихи орынға барды.

Сонымен қатар, Дархан Қуандықұлы Н.Крупская атындағы облыстық кітапханада басылымның 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел жиынына қатысты.  Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен өткен алқалы жиынға арнайы қонаққа барған мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге РФ Орынбор облысы Мәдениет және сыртқы байланыстар министрінің орынбасары А.Калинин бастаған лауазымды тұлғалар қатысты.

Кездесу соңында Академия президенті Орынбор қазақтары қауымдастығы ұйымының басшысы Ж.Иткузовпен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

 

Close