ЖаңалықтарКітаптар

Түркі академиясы шығарған Елбасының лидерлік қыры туралы жаңа ғылыми зерттеу еңбек таныстырылды

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өту аясында Нұр-Сұлтан қаласында «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы» атты арнайы шара өткізді. Басқосу барысында түркиялық танымал саясаттанушы, профессор Куршад Зорлуның «Назарбаев көшбасшылығы: Ұлы Даланың өрлеуі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Ұлттық академиялық кітапханада өткен басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депуттары, дипломатиялық миссия өкілдері, бірқатар ғылыми мекемелер мен білім ордаларының басшылары, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынды жүргізіп отырған академия басшысы Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Халықаралық Түркі академиясын құрудағы рөлін айта келіп, көпшілік назарына ұсынылғалы отырған жаңа кітаптың ерекшеліктеріне тоқталды. «Айта кету керек, бұл еңбек түрікше жазылса да, ең алдымен қазақ тіліндегі нұсқасы жарық көріп, оқырманға жол тартқалы отыр. Елбасының лидерлік қырын, мемлекет басқарудағы сара жолын ғылыми түрде терең талдаған, теория жүзінде зерттеген жаңа кітапты алдағы уақытта жоғарғы оқу орындарында оқу құралы ретінде қолдануға болады» деді ол.

Осыдан кейін Академия басшысы жиынның беташар сөзін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевқа берді. Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде Тұңғыш Президенттің түркі дүниесін біріктірудегі рөлін атап өтті. Сонымен қатар, алмағайып кезеңде алып аумақты иелегенген, алуан түрлі ұлт мекендеген жас мемлекетті дамудың даңғылына алып шыққан ерен еңбегіне тоқталды. «Мемлекетті құру мен оны қуатты ел ретінде қалыптастырып, кейінгі ұрпаққа жеткізу лидерлердің бәрінің қолынан келе бермейді. Бұл ретте біз бақытты елміз» – деді Ассамблея төрағасының орынбасары. Оның айтуынша, Елбасының саясаткер, қайраткер әрі рухани көшбасшы ретінде әлемдік деңгейде сіңірген еңбегі орасан зор. «Ол көптеген халықаралық ұйымдарды құруға ұйытқы болды. Сонымен қатар, Елбасының түркі әлемін біріктірудегі еңбегін атап айту керек. Бүгінде түркі әлеміндегі зиялы қауымның, мемлекет қайраткерлерінің көптеген күрделі мәселеде түркі әлемінің қазіргі көшбасшысы ретінде сөзінің салмағы басым Елбасыға арқа сүйейтінін аңғарамыз», – деді Ж.Түймебаев.

Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы Халықаралық Түркі академиясының жұмысына ризашылығын білдіріп, «Елбасының түркі дүниесі руханиятын әлемге танытудағы мақсатын жүзеге асырып отыр» деді. Осы орайда ол Түркі академиясы басып шығарған «Назарбаев көшбасшылығы: Ұлы Даланың өрлеуі» атты жаңа кітаптың Елбасының аталған лидерлік қырларын жан-жақты зерттеген бағалы басылым екенін атап өтті. Сөз соңында кітап авторы Куршад Зорлуны Ассамблеяның «Мейірім» медалімен марпаттады.

Бұдан соң ортаға Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов пен Сенат депутаты Динар Нөкетаева шақырылып, профессор Куршад Зорлуның «Назарбаев көшбасшылығы: Ұлы Даланың өрлеуі» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Осыдан кейін сөз алған кітаптың авторы, танымал саясаттанушы Куршад Зорлу қазақ еліне түркиялық бауырластардың үлкен сәлемін жеткізді: «Екі елге де ортақ «Бірлік болмай тірлік болмайды» деген нақыл сөз бар. Сондықтан бірге болсақ жетістіктердің де ауылы алыс емес. Түркі дүниесі Қазақстанның қысқа мерзімде мол табысқа жетіп, қарқынды дамушы елдердің қатарына қадам басқанына қуана қарайды. Сонымен қатар, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Түркияда қазақша сөйлей білетін адамдардың саны артып келеді. Осының бәрі Елбасы еңбегінің айқын нәтижесі» деді Куршад Зорлу. Ол өз еңбегінің жиырма жылдай жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесі екенін айтты. «Зерттеу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жыл ішінде қабылдаған барлық маңызды шешімдерін зерделеп, жаңалықтар мен өзгерістердің нәтижесін ұдайы қадағалап отырдым» деді түркиялық профессор. Сондай-ақ, автор өз сөзінде кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен Академия басшысы Дархан Қыдырәлі мен Ассамблея төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевқа ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Фахриддин Каратаев оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың саясаттану, әлеуметтану ғылымдарының озық тәсілдерін қолдана отырып дайындалған мазмұнды ғылыми еңбек екенін айтты. «Автор Куршад Зорлу бауырымыз Назарбаев феноменінің ғылыми негізін терең талдап, жан-жақты ашып көрсеткен. Сондай-ақ, түбі бір түркі жұрттарын жақындастырудағы еңбегіне де жақсы сараптама жасалған» деді депутат.

Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоглу өзінің АҚШ-та туып-өскенін айта келіп: «Түркі дүниесі қайта түлеп, басымыз қайта бірігеді деген менің ойыма да келмеген еді. Бірақ сол бір ойымызға да келмеген армандарымыз жүзеге асып, туысқан түркі халықтары бірлікшіл қауымдастыққа айналды. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор екенін баршамыз білеміз» деп атап өтті америкалық профессор.

Танымал қырғыз ғалымы, түрколог Қадыралы Конкобаев профессор Куршад Зорлуның жаңа еңбегін «академиялық зерттеу» деп бағалады. Оның айтуынша, кітап авторы мемлекет басқарудың нағыз дарынды көшбасшының ғана қолынан келетін күрделі өнер екенін көрсете білген. «Түптеп келгенде, Қазақстанның жетістігінің бәрі де Нұрсұлтан Назарбаев еңбегінің айқын нәтижесі» деді Қ.Конкобаев.

Парламент Мәжілісінің тағы бір депутаты Сауытбек Абдрахманов: «Түркі қағанаты заманынан кейін түгел түркінің басы қосылғаны осы. Біздің қолымызды бұған жеткізген сөзсіз – Нұрсұлтан Назарбаев» дей келе жаңа кітаптың маңызына тоқталды. «Елбасының көшбасшылық қырларын, бітімгерлік қызметін, түркі дүниесінің бірлігіне қосқан үлесін, ел ішіндегі іргелі істерін жан-жақты ашып көрсете алған» деп авторға разылығын білдірді.

Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының жетекші зерттеушісі Ғазиз Телебаев жалпы Елбасы туралы жазылып жүрген еңбектердің осынай терең әрі нақты ғылыми зерттеулер болғаны дұрыс деген пікірін білдірді. «Меніңше, мұндай теория мен практика бір-бірімен ұтымды сабақтасқан ғылыми еңбек алғаш рет шығып отыр. Жоғары оқу орындарында оқу құралы ретінде қолдану керек дегенді қолдаймын» деді ол. Бұған қоса Елбасы кітапханасының өкілі жаңа басылымды өзге түркі тілдеріне аударып басуға ұсыныс білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Аскер Пириев «Біз Елбасының жасампаз еңбегін осылай көрсету арқылы жас ұрпақтың бойына кемел келешекке деген сенім ұялата аламыз» деген пікірімен бөлісті.

Айта кету керек, профессор Куршад Зорлу Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет басқарудағы қызметін ұзақ жылдар бойы әлемдік лидерлік модельдермен салыстыра зерттеп келе жатыр. Осыған орай автордың сараптамалық мақалалары қазақстандық басылымдарда жарияланып тұрады. Туындыда Елбасының түркі дүниесінің ынтымақтастығын нығайтудағы рөлі де кеңінен талданған.

Оның Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған жаңа кітабы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы даңғыл жолын, ел басқару моделі мен лидерлік қырын терең талдаған зерттеу еңбек болып саналады. Сонымен қатар, кітап авторы нақты саясаттану ғылымындағы тәжірибелі әрі білікті ғалым болуымен ерекшеленеді.

Жиын соңында Академия басшысы Куршад Зорлуға арнайы құрмет көрсетіп, Түркі академиясының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Close