Жаңалықтар

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі ТүркПА-ның ІХ пленарлық отырысына қатысты

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Бакуде өткен Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының ІХ пленарлық отырысына қатысып, баяндама жасады.

Академия басшысы өз сөзінде келесі жылы Білге Тоныкөк жазбасының 1300 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығын бірге атап өту жөнінде ұсыныс жасады. Сонымен қатар, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырған ТүркПА басшылығына ризашылығын білдірді.

Бұған қоса, аталған алқалы жиында Түркі академиясы бастамашы болып алғашқы нұсқасын әзірлеген “Материалдық емес мәдени мұраларды сақтау” туралы модельдік заң жобасы талқыланып, қабылданды. Бұл құқықтық құжат түркі дүниесіне ортақ мәдени мұраларды жүйелі сақтауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, ТүркПА ұйымының ХІ пленарлық отырысына Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің спикері Мұстафа Шентоп, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің төрағасы Огтай Асадов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының спикері Танзила Нарбаева, Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасы Дастанбек Жумабеков, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі Кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркі мәдениеті және мирасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева, өзге де түркі ынтымақтастығы ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысты.

Ұйымның төрағалығын табысты атқарған Түркия тарапы тізгінді Әзербайжан Мелли Мәжілісінің басшысы Огтай Асадовқа табыс етті.

Close