Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясының Жаңа жылдық құттықтауы

Қадірлі достар,
босағамыздан аттағалы тұрған жаңа 2020 жыл баршаңызға құтты болғай!
Биылғы 2019 жыл Түркі академиясы үшін табысты болды. Олардың қатарында, ЮНЕСКО деңгейінде Алтын Орданың 750 жылдығын абыроймен атап өттік. “Ұлы Дала” IV гуманитарлық форумы ұйымдастырылды, Моңғолияда кешенді археологиялық қазба жұмыстарын нәтижелі аяқтадық.

Сонымен қатар, Баку қаласында Түркі Кеңесінің жетінші саммитінің жоғары деңгейде өткенінен көпшілік хабардар. Кеңес құрамына Өзбекстанның мүше болуы – бүкіл түркітілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен айтулы оқиға болды. Түркі Академиясының негізгі институционалдық-құрылымдық құжаттамалары толығымен аяқталды.Академия тарапынан әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік, орыс тілдерінде 10 шақты іргелі еңбек жарық көрді.

Келер 2020 жыл да Академия үшін атаулы даталарға бай маңызды жыл болмақ. Бұйырса, Академия өзінің 10 жылдығына қадам басқалы тұр. Осы 10 жылдық аясында да көптеген шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында халықаралық деңгейде Тонықұқ жазбасының 1300 жылдығын атап өту, Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен хакім Абайдың 175 жылдығын тойлау және т.б. іс-шаралар іске аспақ.

Жаңа жыл қарсаңында баршаңызға 2020 жыл денсаулықтың, байлықтың, молшылықтың, бірліктің жылы болып, құт пен қуанышқа толы болғай! Жаңа жылдық тілектеріңізді Тәңір қабыл қылғай! Жыл құтты болсын!

Close