Жаңалықтар

Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі академик Өмірзақ Айтбайұлының дүниеден озуына байланысты көңіл айтты.

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі “Қазақ тілі” халықаралық қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлының дүниеден озуына байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айту жеделхатын жолдады.

“Халықаралық Түркі академиясы ұжымы және жеке өз атымнан көрнекті ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамын.

“Қазақ тілі” халықаралық қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы саналы ғұмырын ана тілін ардақтауға арнады. Ол қазақ тілінің терминологиясы, тіл мәдениеті  мен аударма саласында жан-жақты ізденістер жасай отырып, іргелі зерттеулер жүргізді. Осылайша ол қазақ лингвистикасы тарихында алғашқы болып қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы жайында сүбелі еңбек жазды. Сонымен қатар, Өмірзақ ағаның жетекшілігімен осы саланың аса ауқымды картотекалық қоры жасақталды. Бұл түркі дүниесіндегі жасалған тұңғыш картотекалық қор болатын.

Бұған қоса Өмірзақ аға ана тіліміздің мәртебесі үшін 1988 жылдан бері аянбай күрескен қайраткерлердің бірі болды. Ол атақты академик Ә.Қайдаримен бірге қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына атсалысты. Кейін де “Қазақ тілі” халықаралық қоғамының басшысы ретінде туған тіліміздің қоғамда қолданылу аясын кеңейтуге қатысты заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламалардың жасалуына белсенді қатысып келді.

Осылайша академик Өмірзақ аға қазақ тіл білімінің дамуына, ана тіліміздің мәртебесін арттыруда өлшеусіз үлес қосып, мол еңбек сіңірді. Ғалымның ғылыми туындылары соңына жарқын із, өшпес мұра болып қалып, ұлт игілігіне қызмет ете береді сенемін.

Кешегі сал-серілердің сарқытындай сұғыла шешен, ғұлама ғалым Өмірзақ ағаның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады!” – делінген жеделхатта.

Close