Жаңалықтар

Баку қаласында Абай жылының ашылу салтанаты өтті

Халықаралық Түркі академиясы Баку қаласында Абай жылының ашылу салтанатын өткізді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған шара Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен Баку мемлекеттік университетінде өтті.

Салтанатты жиынға Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева, Түрксой ұйымы бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, Әзербайжан Ғылым академиясының президенті Рамиз Мехдиев, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Елчин Бабаев, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу, Әзербайжан жазушылар одағының төрағасы Анар Рзаев, сонымен қатар Әзербайжандағы Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Мажарстан Республикаларының төтенше және өкілетті елшілері, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия білім және ғылым министрліктерінің жауапты тұлғалары, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Алқалы басқосуда Әзербайжан Ұлттық  Ғылым академиясы Низами атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Туран Теймурдың «Мұхтар Әуезовтың «Абай» романынының көркемдік мәселелері» (Turan Teymur. Muxtar Auezovun «Abay» romanında sənətkarlıq məsələləri) атты монографиясының тұсаукесер рәсімі жасалды. Академия басып шығарған бұл басылым Мұхтар Әуезов шығармашылығына қатысты әзербайжан тіліндегі тұңғыш ғылыми еңбек болуымен ерекшеленеді.

Сонымен қатар, салтанатты шара барысында Халықаралық түркі академиясы жарыққа шығарған басылымдардан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, 50-ден астам кітап Бакуде жаңадан ашылған «Абай» орталығына тарту етілді.

Салтанатты басқосудың соңы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген артисі Кенжеғали Мыржықбайдың Абай жылының ашылуына арналған концерттік бағдарламасына жалғасты.

Айта кету керек, Түркі академиясы Абай мерейтойы аясында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия Республикаларында және ЮНЕСКО шеңберінде көптеген халықаралық іс-шаралар өткізіп, ұлы ақын туындылары мен М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын туыс түркі тілдеріне аударып шығаруды жоспарлап отыр.

Close