Жаңалықтар

Академия басшысы мемлекеттік комиссияның отырысына қатысты.

Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Абайдың 175 жылдық және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдық мерейтойына дайындық және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Аталған шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі де қатысты.

Алқалы жиынды ашқан  Мемлекеттік хатшы: «Өздеріңізге белгілі, ел өңірлерінде осы ұлы тұлғалардың мерейтойларының ресми басталуы өткен айда салтанатты жағдайда ашылды. Атап айтсақ, 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Опера» театрында Елбасының және Мемлекет басшысының қатысуымен Абайдың 175 жылдық мерейтойының алғашқы жылашар рәсімі өзіндік мазмұнымен, ерекше салтанатымен өткізілді. Сондай-ақ 29 қаңтарда Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық ұйымдар өкілдерінің және шетелдік, отандық ғалымдардың қатысуымен Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өтуді бастаудың ресми рәсімі ұйымдастырылды», – деді.

Қырымбек Елеуұлының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы мерейтойды өткізудің жалпы республикалық жоспарлары бекітіліп, қазіргі уақытта іске асырылып жатыр.

Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы  2020 жылдың 30 қаңтар күні Әзербайжан астанасы Баку қаласында Абай жылының ашылу салтанатын өткізді. Сонымен қатар Академия әл-Фараби мерейтойын түркі дүниесінде кеңінен атап өтуге шешім қабылдады.

 

Close