Жаңалықтар

Сооронбай Жээнбеков Мажарстан Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийяртомен кездесті

Бүгін 19 ақпанда Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Мажарстан Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийяртоды қабылдады.

Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары қырғыз-мажар қарым-қатынастарының қарқынды дамуы байқалатынын, оған Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанның 2018 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанға алғашқы ресми сапары ықпал еткенін айтты.

Президент Сооронбай Жээнбеков барлық басым бағыттар бойынша, әсіресе сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық салалар бойынша Мажарстанмен бекем ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Қырғызстандағы Мажарстан Елшілігінің ашылуы достық қарым-қатынастар мен бірлескен өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Мажарстан Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто Мажарстанның  Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қырғызстанмен қарым-қатынастарды дамытуға басым мән беретінін жеткізді. Сонымен қатар ол Қырғыз Республикасы Президентінің 2020 жылғы сәуір айында Мажарстанға баратын ресми сапарын асыға күтетінін атап өтті.

Петер Сийярто жоспарланған сапар  барысында екіжақты қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Оның айтуынша, Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Қырғыз Республикасы Президентінің Мажарстанға сапары кезінде қол қойылатын екіжақты құжаттар пысықталуда.

Ол сондай-ақ, Мажарстан салық саласын реформалау, инвестициялық ынтымақтастықты жақсарту және экспорттық әлеуетті кеңейту бойынша Қырғызстаннан мемлекеттік қызметшілерді қабылдауға және оқытуға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, қырғыз студенттері үшін Мажарстанның жоғары оқу орындарына білім беру квотасын арттыруға дайын екендігін атап өтті.

Close