Жаңалықтар

Түркі кеңесі мемлекеттері COVID-19 індеті салдарынан туындайтын дағдарысқа қарсы бірлесіп күресу жолдарын талқылайды

Алдағы күндері Түркі кеңесіне мүше елдердің Мемлекет басшыларының және Үкімет жетекшілерінің қатысуымен видеоконференция форматында кезектен тыс саммит өткізіледі. Бұл туралы Түркі кеңесінің ресми сайты хабарлады.

Дүниежүзін жайлаған індетке байланысты онлайн режимде ұйымдастырылатын жиынның күн тәртібіндегі басты мәселе – COVID-19 коронавирусының таралуы салдарынан туындайтын экономикалық ахуалдың алдын алу, зардаптарын жою жөніндегі бірлескен іс-қимылдар талқыланбақ.

Айта кету керек, барша әлем әбігерге түскен қиын-қыстау шақта түбі бір түркі елдері де бірі-біріне жан-жақты көмек беріп, қолдау көрсетуде. Осы орайда кеше Түркі кеңесінің хатшылығы бауырлас елдердің іскерлік орта басшыларымен видеоконференция өткізіп, тараптартың ұсыныстарын сараптады.

Алғаш рет видеоконференция түрінде кезектен тыс өтетін Мемлекет және Үкімет басшыларының саммиті нәтижесінде індет салдарымен бірлесіп күресуге қатысты нақты шешімдер қабылданып, алдағы уақытта бауырластық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайта беру мәселелері талқыланады деп күтілуде.

Close