Жаңалықтар

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Гейдар Әлиевтың туғанына 97 жыл толуына арналған видеоконференцияға қатысты

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі «Гейдар Әлиевтің мемлекеттілік тағлымы және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн-конференцияға қатысты.

Әзербайжан елінің жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің туғанына 97 жыл толуына арналған аталған конференцияны Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды.

Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының бірінші вице-президенті, академик Иса Ғабиббейли, Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университетінің профессоры Фахраддин Садыгоглу, Ардахан университетінің ректоры, профессор Рамазан Коркмаз, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Нахчиван филиалының төрағасы, академик Исмайыл Хажиев, Тіл білімі институтының директоры, академик Мохсун Нагисойлу, Сәулет және өнер институтының директоры Артегин Саламзаде, Философия институты директорының орынбасары Эйнулла Мадатли, Ростов қаласындағы Оңтүстік университетінің ректоры (Менеджмент, бизнес және құқық институты), профессор Имран Акбаров және танымал ғалымдар қатысты.

Алқалы жиында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі «Түркі халықтары арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы Гейдар Әлиевтің рөлі» тақырыбында арнайы баяндама жасады.

Академия басшысы өз сөзінде түркі дүниесіне ортақ тұғырлы тұлға, әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы, көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев саналы ғұмырын Әзірбайжан мемлекеттілігін нығайтуға, туған халқының әл-ауқатын арттыруға арнағанын атап өтті.

Атап айтқанда, бауырластық байланыстарды бекемдеп, түбі бір туыс халықтарды жақындастыратын ұйымдарды құрудағы еңбегі, ұлы ақын Физулидің 500 жылдық мерейтойын және «Қорқыт ата кітабының» 1300 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде өткізуі, түркі мемлекеттері басшыларының саммиттерін ұйымдастыру және басқа да көптеген іргелі істерінің тағылымы мол екеніне тоқталды.

Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі Халықаралық Түркі академиясының Гейдар Әлиев тағлымын зерттеуге және оны бауырлас елдерде насихаттауға айрықша мән беріп келе жатқанын айтты. Осы орайда, Академия Әзербайжан жалпыұлттық көшбасшысының 95 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің алғысөзімен «Еліне жол ашқан» атты бірегей басылымды жарыққа шығарып, бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізген болатын.

Close