Жаңалықтар

Академия Абай шығармаларының бірнеше түркі тілдеріндегі жаңа басылымдарын және мақалалар жинағын таныстырды

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы түркі әлемнің тұғырлы тұлғасы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында бірнеше жаңа кітапты таныстырды. «Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» атты онлайн конференция барысында академия президенті Дархан Қыдырәлі Абай мұрасын бауырлас түркі тілдеріне аударып шығару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап бері. Осы жұмыстардың нәтижесінде жарыққа шыққан кітаптардың онлайн режимде тұсаукесер рәсімі жасалды.

Атап айтқанда, Абай шығармаларының түрік тіліндегі толық жинағының және Мұхтар Әуезовтың 2 томнан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясының жарыққа шығуы оқырман қауым үшін елеулі жаңалық екені сөзсіз. Бұл туындылардың барлығын түркиялық аудармашы-қаламгер Зафер Кибар аударған.

Сонымен қатар, профессор Нергис Бирайдың жетекшілігімен данышпан ақын туралы тың зерттеулер мен бұрын жарияланбаған құнды мақалалардан тұратын түрік тіліндегі ғылыми жинақтың тұсауы кесілді. Бұл көлемді басылымды абайтану саласына қосылған қомақты еңбек ретінде атап өтуге болады. Себебі мұнда бауырлас түркі елдеріндегі танымал ғалымдардың Абайдың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты қамтыған мазмұнды мақалалары топтастырылған.

Бұдан бөлек, Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен поэмаларының қырғыз тіліндегі жинағы да оқырманға жол тартты. Бұған дейін де ұлы ақын шығармаларын қырғыз тіліне тәржімелегендер аз болмаған. Ал бұл алғашқы академиялық басылым болуымен маңызды. Жинаққа Абай мұрасының әр жылдарда аударылған туындыларының ең таңдаулылары топтастырылып, ғылыми түсініктемелерімен берілген.

Сондай-ақ, Абай қарасөздерінің белгілі публицист Айида Эйвазова тәржімелеген әзербайджан тіліндегі басылымы мен профессор Қозоқбой Йулдошев аударған өзбек тіліндегі нұсқалары қатысушылардың назарына ұсынылды.

Close