Жаңалықтар

Моңғолия мен Мажарстан Академияны 10 жылдық мерейлі межесімен құттықтады

Халықаралық Түркі академиясының 10 жылдық мерейтойына орай Моңғолияның тұңғыш президенті, академик П.Очирбаттан және Мажарстан Ұлттық ассамблеясының вице-президенті, әйгілі ақын Шандор Лежактан Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің атына құттықтау хаттар түсті.

Акадеик П.Очирбат өзінің құттықтау хатында Академия басшысын мерейлі межемен құттықтап, көшпенділерінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге қомақты үлес қосып отырғанына ризашылығын білдірген. Сондай-ақ ол өз хатында: «Әрі қарай Сіздің қолдауыңызбен екі ел ғалымдарының бірлескен зерттеулерінің қарқыны артады деп кәміл сенемін. Сонымен бірге елдеріміздің аумағындағы ортақ тарихи-мәдени мұраларды зерттеу жұмыстарына сәттілік тілеймін» деген.

Өз кезегінде Шандор Лежак: «Түркі академиясы бүгінде түркі мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауда, бүкіл әлемде түркологияны дамытуда жетекші рөл атқарып келеді. Бұл құрылым идеясының өміршеңдігін көрсететін өте маңызды нәтиже.

Мажарстанның академиямен байқаушы ретінде ынтымақтасып жатқанына ерекше қуаныштымын.

Мен жеке өзім және сіз арқылы бүкіл Халықаралық Түркі академиясына түркі өркениетін сақтау мен дамытуда жаңа табыстар тілеймін» деп игі тілегін білдірген.

Close