Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясы Түркітану кафедралары кеңесінің отырысын өткізді

27-28 мамыр аралағында Халықаралық Түркі академиясы Түркітану кафедралары кеңесінің жиынын өткізді.

Онлайн форматта өткен жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Мажарстан, Моңғолия, сонымен қатар Алтай, Башқұртстан, Татарстан Республикаларының (РФ) жоғарғы оқу орындарындағы түркология кафедралары мен орталықтарының меңгерушілері, профессорлары, Тіл білімі институттарының басшылары қатысты.

Түркі тілдес елдері арасында тұңғыш рет өткен шара барысында қазіргі оқу процесіндегі түркология саласының мәселелері талқыланды.

Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің модераторлығымен өткен жиынның алғашқы күнінде мамандар Түркітану кафедраларының қазіргі жағдайы, проблемалары мен жетістіктері туралы пікір алмасты. Әр тарап өз елдеріндегі ахуалдарды баяндап берді.

Басқосудың екінші күнінде қатысушылардың өзара ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері, түркі тілдес елдер жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен білім алушылары арасында тәжірибе алмасу, оқу процесіндегі ортақ стандарттарды қарастыру, студенттерге шәкіртақы тағайындау, түлектердің жұмысқа орналасуы туралы сөз қозғалды.

Екі күнге созылған кеңес отырысының басты тақырыбы елдер арасындағы түрколог мамандардың қарым-қатынасын арттыру болды. Осы орайда, мамандар түркологияны тек лингвистикалық бағытпен шектемей, өрісін кеңейту туралы да пікір алмасты. Сондай-ақ, SCOPUS мәліметтер базасына енетін халықаралық деңгейдегі журналдар шығару, сандық технологияның мол мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қашықтан оқыту, электронды журналдар мен кітаптар шығаруды қолға алу мәселелері қарастырылды. Ортақ оқу бағдарламаларын да жасақтау жөнінде ойлар талқыланды.

Алқалы жиынның қорытындысы бойынша тараптар түркологиядағы маңызды мәселерге байланысты ортақ ғылыми жобаларды іске асыру, тұрақты түрде онлайн семинарлар мен дәрістер өткізуге уағдаласты. Сонымен қатар, білім алушы жас студенттерге жазғы лагерь түріндегі тәжірибе алмасу дәстүрін қолға алып, бірлесіп ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар айтылды. Мамандардың ортаға салған ойлары Академия тарапынан Ғылыми кеңес отырыстарында білім және ғылым министрлеріне жеткізілетін болады.

Айта кету керек, 2020 жылдың қаңтарында білім және ғылым министрлерінің қатысуымен өткен Халықаралық Түркі академиясының Ғылыми кеңесінің үшінші отырысында жоғарғы оқу орындардағы Түркітану кафедраларының білім саласындағы қызметтерін үйлестіру жұмыстарын бастау туралы шешім қабылданған еді.

Close