Жаңалықтар

Белгілі түрколог Александра Тыбыкова дүниеден озды

Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Александра Тыбыкованың дүниеден озуына байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

2020 жылдың 27 маусымында белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Александра Тайбанқызы Тыбыкова өмірден озды.

Александра Тайбанқызы Тыбыкова (1935-2020) – Алтай Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, РФ жоғары мектебінің құрметті қызметкері, Ресей түркітанушылар комитетінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Таулы-Алтай мемлекеттік университетінің Алтай тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, өзін Алтай тілін зерттеуге арнаған түркітанушы ғалым.

«Орны толмас қазаға орай өзімнің және Халықаралық Түркі академиясының ұжымы атынан Лариса Николайқызы Тыбыковаға анасы ф.ғ.д., профессор Александра Тайбанқызы ТЫБЫКОВАНЫҢ өмірден озуына байланысты көңіл айтамын. Жарқын бейнесі мәңгі есімізде сақталады», − деді Академия басшысы.

Айта кету керек, Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Т. Тыбыкова көптеген жылдар бойы алтай тілінің жай және күрделі сөйлемдерінің синтаксис мәселелерін зерттеді. Оның зерттеулері түркі тілдеріндегі жай және күрделі сөйлемдер теориясына үлкен үлес қосты.

1994-1995 жж. Түркия СІМ шақыруы бойынша Ресейлік жетекші түркологтардың қатарында профессор А.Т. Тыбыкова «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» жобасына қатысты.

1995 жылы Ыстамбұлда А.Т. Тыбыкованың қатысуымен «Түркі тілдерінің лингвистикалық сөздігі» жарық көрді.

А.Т. Тыбыкова РСФСР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен (1975) марапатталды, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен (1981), «Еңбек ардагері» медалімен (1985) марапатталды. 2005 жылы «Ресей Федерациясының жоғары кәсіби білімінің құрметті қызметкері» атағын алды.

Профессор А.Т. Тыбыкова Алтай ғалымдарының арасында бірінші болып «Алтай Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағына ие болды (2005).

Close