Жаңалықтар

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі академик Рабиға Сыздықтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты

Түркология саласы, Қазақстан ғылымы орны толмас зор қайғыға душар болды. Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздық өмірден озды.

Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, қөрнекті лингвист, түрколог Рабиға Сыздықтың дүниеден озуына байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Орны толмас қазаға орай өзімнің және Халықаралық Түркі академиясының ұжымы атынан қазақ тіл білімінің абыз анасы Рабиға Сыздықтың туыстары мен жақындарының, шәкірттерінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», − деді Академия басшысы.

Санаулы ғұмырын қазақ тілі мәселелеріне арнаған ғалымның артында 130-дан астам ғылыми ғылыми еңбек қалды. Олардың қатарында «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Абай тілінің сөздігі», Қадырғали Жалайырдың «Жамиғ-ат-тауарих» еңбегіне қатысты зерттеулерін атап өтуге болады. Рабиға Сыздықтың есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілген.

Айта кету керек, Рәбиға Сәтіғалиқызы Халықаралық Түркі академиясының арнайы наградасы “Алтын медалмен” марапатталған. Сондай-ақ, көрнекті ғалымның ғылымға арнаған саналы ғұмырында қолданған, қолтаңбасы қалған барлық кітабы Түркі академиясы кітапханасының қорына академиктің өз қолымен табыс етілген. Бұған қоса, академик өзі тұтынған бірқатар жеке заттарын да Түркі академиясының музейіне тапсырған еді. Сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясы қайраткер ғалымның шығармашылық еңбегіне арнап жиындар өткізіп, бағалы еңбектерін басып шығарған болатын.

Close