Жаңалықтар

Абдулла Гүл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 80 жылдық мерейжасымен құттықтады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының бұрынғы президенті Абдулла Гүлмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Елбасының ресми сайты.

Абдулла Гүл Елбасын келе жатқан 80 жылдық мерейжасымен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке мен толайым табыс тіледі.

Түркияның бұрынғы президенті әлемде беделі жоғары, қуатты  және өркендеп келе жатқан Қазақстанның қалыптасуындағы Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасының тарихи маңызын атап өтті.

Елбасы Абдулла Гүлге құттықтауы үшін шын жүректен алғысын білдіріп, Қазақстан-Түркия стратегиялық қатынастарын дамыту және нығайту бағытында бірлесе жұмыс істеген жылдарды жылы сезіммен еске алды.

Телефон арқылы сөйлесуге түрік жағы бастамашы болды.

Close