Жаңалықтар

Моңғолияда ежелгі ғұндардың астанасы табылды

Моңғолияның орталық өңірінде “айдаһарлар қаласы” – Лунчэнның көне жұрты табылды. Бұл туралы моңғол археологиялық зерттеу тобының жетекшісі Тумур-Очирын Идэрхангайға сілтеме жасап, Қытайдың Синхуа ақпарат агенттігі хабарлады.

Ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, аталған көне қала көшпелі хуннулар (ғұндар) құрған империяның астанасы болған.

Қаланың жұртын іздеу жұмыстары он жылға созылды. Алғаш рет Лунчэн қаласы осы жерде, яғни Моңғолияның Архангай аймағының Улзийт елді мекені маңында орналасқан деген болжам 2017 жылы жасалған еді. Алайда қазба жұмыстары кейінге шегерілген болатын.

Идэрхангайдың айтуынша, қаладағы ғимараттың шатырының қасбетінде ежелгі қытай иероглифтерімен «Тәңір ұлы Шаньюй» деген жазу табылды. Ғұндар билеушілерін осылай атаған. Бұл  осында жазуы бар Моңғолия аумағында алғаш рет табылып отырған нақты нысан.

Close