Жаңалықтар

Түркі академиясының басшысы Әзербайжан Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Фаттах Гейдаровтың дүниеден озуына байланысты көңіл айтты

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Республикасының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Милли Меджлис Есеп комиссиясының төрағасы, ардагер депутат Фаттах Гейдаровтың дүниеден озуына байланысты марқұмның туыстары мен әріптестеріне  көңіл айтты.

«Әзербайжан Республикасы Милли Меджлис депутаты, белгілі қоғам қайраткері, Әзербайжан Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Түркі Кеңесінің ақсақалдар кеңесінің мүшесі Фаттах Самед оглы Гейдаровтың дүниеден озуы  қабырғамызды қайыстырды.

Фаттах Гейдаров бүкіл түркі әлемінің үлкен беделге ие ақсақалы болды. Oл біздің халықтарымыздың одан әрі жақындасуына және бірігуіне елеулі үлес қосты.

Шынайылығы және қарапайымдылығымен ерекшеленген Фаттах Гейдаров туралы жарқын естеліктер оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталады», – деді Академия басшысы.

Айта кету керек, Гейдаров 1938 жылы 23 ақпанда Нахчыван Автономиялық Бабек ауданы, Чешмабасар ауылында дүниеге келген. Ол 1970-1990 жылдары Нахчыван АР депутаты, 1990-1995 жылдар аралығында Нахчыван АР Жоғарғы Кеңесінің депутаты қызметін атқарды. Ал 1995 жылдан бастап Әзербайжан Республикасының Милли Меджлис депутаты болды.

Close