Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясы «Абай күнімен» құттықтайды

Бүгін алғаш рет «Абай күні» аталып өтуде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 тамызды ұлы ақынның туған күнін «Абай күні» ретінде жыл сайын атап өтуге шешім қабылдағаны белгілі.

Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясының басшылығы және ұжымы түркі әлемінің тұғырлы тұлғаларының бірі, қазақ халқының дана да дара ақыны хәкім Абайдың туғанына 175 жыл толуымен шын жүректен құттықтайды.

Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды Абай мұрасын ұлықтауға арнап, қаңтар айында Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында түркі дүниесіндегі «Абай жылын» жариялаған болатын. Осылайша Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясындағы шаралар Академияның ұйытқы болуымен өткен «Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» атты халықаралық онлайн конференция арқылы жалғасын тапты. ЮНЕСКО өкілдері, түркі тілдес мемлекеттерінің беделді ұйымдарының басшылары мен танымал ғалымдар қатысқан алқалы жиында Түркі академиясы әзірлеп жарыққа шығарған бірнеше кітап таныстырылды. Атап айтқанда, Түркияда Абайдың өлең-дастандары мен қарасөздері және М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы екі том болып түрік тілінде басылып шықса, Қырғыз Республикасында ұлы ақын шығармаларының қырғыз тіліндегі тұңғыш академиялық басылымы жарық көрді. Сонымен бірге, Абай қарасөздерінің әзербайжан, қырғыз, түрік, өзбек тілдеріне аудармалары оқырман назарына ұсынылды.

Бұдан бөлек, Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты түрік тіліндегі зерттеу мақалалар жинағын да басылып шыққан еді. Осы аталған кітаптардың қатары енді Абай шығармаларының тұтастай моңғол тіліндегі аудармасымен толығып отыр.

Алдағы уақытта Абай мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасын таба беретін болады.

«Абай күні» құтты болсын!

Close