Жаңалықтар

Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Қырғызстан елшісімен кездесті

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаевпен кездесті.

Кездесуде тараптар түркі елдері ынтымақтастығы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап, алдағы жоспарлар туралы пікір алмасты.

Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі қырғыз елшісіне Академия жаңадан әзірлеп шығарған «Манас» қырғыз эпосының қазақ тіліне аударылған нұсқасын таныстырып, тарту етті.

Өз  кезегінде, Жээнбек Кулубаев Академияның  бауырлас түркі елдері ауқымында атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіріп, игі бастамаларға қолдау көрсететінін жеткізді.

Айта кету керек, Халықаралық Түрік академиясы бұған дейін Манастың сөздігін шығарып, энциклопедиясын жариялаған еді. Манасшылар фестивальін өткізіп, Молла Медер Мергенбаев вариантын латын әліпбиі негізінде шығарған болатын. Сонымен қатар, жыл басында  Баку қаласында өткен Халықаралық Түркі академия Ғылыми кеңесінің III отырысында Түркі әлеміндегі 2020 жылғы атаулы күндердің тізіміне Манастың 1125 жылдығын атап өту жоспары да енгізіліп,  осы бағытта бірқатар шаралар іске асырыла бастаған еді. Олардың қатарында наурыз айында Бішкек қаласында таныстырылымы өткен белгілі мемлекет қайраткері, ғалым Жумагул Сааданбековтың Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған «Философия эпоса «Манас» атты жаңа кітабы да бар.

Close