Жаңалықтар

Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Е.А. Бөкетов атындағы Карағанды университетінің ұжымымен кездесті

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қарағанды қаласында сапары аясында академик Е.А. Бөкетов атындағы Карағанды университетінің ұжымымен және бір топ студенттерімен кездесті. Басқосуды жүргізіп отырған университет ректоры Нұрлан Дулатбеков Түркі академиясы атқарып жатқан жұмыстарға ризашылығын бідірді.

Университеттің профессорлары мен оқытушылар құрамымен кездескен жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауы талқыланды. Сонымен қатар, Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Академияның атқарып жатқан жобалары туралы баяндап, катысушыларды кызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар, шара барысында  Академия басып шығарған «Жошы хан. Тарихи жазба, археологиялық, фольклорлық деректер жинағы», «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда), Шағатай, Моғолстан мемлекеті», «Золотая Орда: история, государственность, культурное наследие» және  Ресей тарихшысы А.Порсиннің «Берке. Мусульманин на монгольском троне» атты кітаптардың таныстырылымы өтті. Академия басшысы Дархан Қыдырәлі  аталған кітаптарды және Рашид ад-Диннің бес томнан тұратын «Жамиғат ат-тауарих» еңбегін университеттің кітапхана қорына сыйға тартты.

Жиынның қорытындысында Түркі Академиясы мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Айта кету керек, 2018 жылы Академия Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы Сарырақа археология институтымен бірлесіп, бұрын ғылымға беймәлім болып келген Қарқаралы өңіріндегі б.з. VI-VIII ғасырларға жататын «Ащекен Сораны» ғибадатханасы мен «Кетабан» қорғанын тауып, қазба жұмыстарын жүргізді. Археологиялық зерттеулер барысында табылған түркі дәуірінің жәдігерлері   Орталық Қазақстанның бай мәдениеті мен байтақ тарихын айшықтаған жаңалық болды.

Close