Жаңалықтар

Түркі академиясының басшысы Абайдың 175 жылдығына арналған форумға қатысты

Бүгін Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті жанындағы «Акме» Халықаралық ағартушылар клубының ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдығына арналған онлайн форум өтті.

Видеобайланыс арқылы өткен басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Ислам ғылым академиясының бас директоры, профессор Мониф Зоби, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы “Абай академиясы” ғылыми зерттеу институның директоры Ерлан Сайлаубай, Түркия Республикасындағы Гази университетінің профессоры Гүлжанат Еркиласим Құрманғалиева, Абайдың “Жидебай-Бөрілі” мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков Л. Н. Толстойдың “Ясная Поляна” музейінің басшысы Геннадий Опарин және танымал абайтанушы ғалымдар қатысты.

Аталған шарада сөз сөйлеген Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі ұйымның Абай жылы аясында түркі әлемі бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндап, форумның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

Айта кету керек, биыл Абай жылы аясында Түркі академиясы кемеңгер ақынның шығармаларын бірнеше түркі тілдеріне аударып жарыққа шығарған. Сонымен қатар, түрік тілінде Абай туралы зерттеу мақалалардың жинағы мен Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” роман эпопеясын басып, көпшілік оқырман назарына ұсынды.

Close