Жаңалықтар

Қазақстан Президентінің қатысуымен ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған қорытынды шара өтті

Бүгін Семей қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев абайтанушы ғалымдармен кездесті.

Зиялы қауым өкілдері бас қосқан кездесуге Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі де қатысты.

Шара барысында Мемлекет басшысына Абайдың сирек кездесетін кітаптары, «Абай әлемі» сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының ақын шығармашылығына арналған көптомдығы ұсынылды. Президент ұлт зиялыларымен қасиетті топырақта, тарихи маңызы зор Семейдің төрінде жүздесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар бұл мерейтойдан той тойлауды емес, тағылым алу басты мақсат болғандығын айтты.

Өз сөзінде «Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік», – деген Мемлекет басшысы Халықаралық Түркі академиясының жұмысын жоғары бағалады.

Сондай-ақ ұлы Абайдың тұлғасын шетел жұртшылығына кең ауқымда таныту жобасы бойынша ақынның шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Президент аудармалардың көркемдік сапасы өте жоғары деп санайтынын жеткізді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлі мен орнына тоқталып, олардың қашанда ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоятынын, әрдайым мәртебелі миссия атқарып келе жатқанын баса айтты.

Айта кету керек, биыл Абай жылы аясында Түркі академиясы да халықаралық деңгейдегі 10 іс-шара өткізіп, 9 басылым әзірлеп шығарды.

Close