Жаңалықтар

Түркі академиясы «Ұлылар үндестігі: Фараби мен Машани» атты ғылыми жиын өткізді

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұлылар үндестігі: Фараби мен Машани» атты ғылыми жиын өткізді.

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында өткен алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбсаттар Дербісәлі, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, философия ғылымының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов, философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жақыпбек Алтаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, әл-Фараби орталығы директоры, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Бекжан Мейірбаев, Ақжан Жақсыбекұлының жары Жамал Шорайқызы Машани, тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Зада Дүкенбаева, сонымен қатар көрнекті қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары мен белгілі ғалымдар қатысты.

Шара барысында Әбу Насыр әл-Фараби мирасын жаңғыртуға елеулі үлес қосып, ұлы ойшыл мұраларының шырақшысы болған Ақжан Жақсыбекұлы Машанидің туғанына 114 жыл толғаны да арнайы аталып өтті.

Сонымен қатар, аталған шара аясында Әбу Насыр Әл-Фараби мен Ақжан Машанидың Түркі академиясы басып шығарған жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімдері жасалды. Атап айтқанда, әл-Фарабидің «Книга о словах, употребляемых в логике» трактаты алғаш рет араб тілінен толықтай аударылып, оқырман назарына ұсынылып отыр. Сондай-ақ, Академия баспаға әзірлеген Ақжан Машанидің «Әлем шырайы» атты еңбегі мен «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» атты ғылыми жинақ та Фараби жылындағы жобалардың табысты нәтижесі болып табылады.

Айта кету керек, шара барысында Академия басшысы Дархан Қыдырәлі түркі әлемі ғылымының дамуына және тарихи тамырластықты зерделеуге қосқан үлесі үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановты, белгілі шығыстанушы, академик Әбсаттар Дербісәлі мен танымал фарабитанушы Жақыпбек Алтаевты Халықаралық Түркі академиясының арнайы медалдерімен марапаттады.

Close