Жаңалықтар

Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Нұржамал Оралбаева дүниеден өтті

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Нұржамал Оралбаеваның дүниеден озуына байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Бүгін қазақтың ғалым қызы, қазақ тіл білімінің маманы, филология ғылымдарының докторы,  профессор  Нұржамал Оралбаева 92 жасында дүниеден озды. Орны толмас қазаға орай өзімнің және Халықаралық Түркі академиясының ұжымы атынан  марқұмның туыстары мен жақындарының, әріптестері мен шәкірттерінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұм Нұржамал апайдың ерен еңбегі мен жарқын бейнесі жадымызда берік сақталады!», − деді Академия басшысы.

Айта кету керек, Нұржамал Оралбаева түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде осы уақытқа дейін дұрыс шешімін таппай келген тілдік құбылыстарды зерттеді. Саналы ғұмырын қазақ тілін зерттеуге арнаған ғалым қазақ грамматикасының 1950-90 жылдардағы дамуына іргелі еңбектерімен үлес қосты.

Close