Жаңалықтар

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі көрнекті түрколог Әбжан Құрышжанұлының 90 жылдығына арналған конференцияға қатысты

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және С.Бәйішев университетінің ұйымдастыруымен  «Түркологиялық кеңістіктегі гуманитарлық ғылымдар: тарихи сабақтастық пен өзара ықпалдастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Көрнекті түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға Халықаралық түркі академиясының  президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова,  С.Бәйішев университетінің президенті    Бекежан Аханұлы, Түрік тіл қоғамы төрағасының орынбасары, профессор Фейзи Эрсой, ҚР ҰҒА академигі, қыпшақтанушы Болат Көмеков, Назарбаев университеттерінің профессоры Юлай Шамилоглу, танымал  түрколог, профессор Кадыралы Конкобаев, Мажарстан Ғылым академиясы Этнология институтытының ғылыми қызметкері Давид  Шомфай  Кара,  Кореяның Хангкук университетінің профессорлары Әлия Құрышжанова мен Әзиза Машраббекова,  сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ғылыми зерттеу ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Аталған шарада сөз сөйлеген Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі  Академияның Әбжан Құрышжанұлының мұраларына қатысты   атқарған жұмыстары туралы  баяндап,  халықаралық конференцияның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

Айта кету керек,  конференция барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдар түркітануға қатысты ғылымның даму мәселелері төңірегінде өзара пікір алмасып, пайымды ойларын ортаға салды.

Close