Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің Жаңа жылдық құттықтауы

Қадірлі достар!

Босағамыздан аттағалы тұрған жаңа 2021 жыл баршаңызға құтты болсын!
Биылғы 2020 жыл да адамзат тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі ретінде тарлан тарих қойнауына қарай сырғып барады.
Жаһанды жайлаған індет жыл бойына жоспарлаған жобаларымызға кесірін тигізбей қалған жоқ. Алайда елмен бірге күрделі жағдайға бейімделе отырып, ойға алған істерімізді барынша тиімді жүзеге асыруға тырыстық. Атап айтқанда, Түркі академиясы Төныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын, Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуын, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуын ЮНЕСКО деңгейінде абыроймен атап өтті.
Әзербайжан және Пәкістан елдеріндегі халықаралық ұйымдармен нәтижелі кездесулер өтіп, әріптестік бағытта меморандумдарға қол қойылды. Онлайн форматта бірқатар халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Түркі академиясының негізгі институционалдық-құрылымдық құжаттамалары толығымен аяқталып, ұйымды орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы тарихи келісімге қол қойылды. Академия тарапынан Түркі әлеміне қатысты ағылшын, әзербайжан, қазақ, қырғыз, моңғол, орыс, өзбек және түрік тілдерінде 40-тан астам іргелі еңбек жарық көрді. Сондай-ақ, Түркі әлемінің киелі жерлері жобасы мен Ортақ түрк тарихы жобасы аясында арнайы деректі фильмер дайындалды.
Келер 2021 жылда да Академия осындай маңызды да, мағыналы іс-шараларды көптеп өткізуді жоспарлап отыр. Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары мен Түркі әлемінің киелі жерлері жобалары бойынша ауқымды іс-шаралап өтеді.

Жаңа жыл қарсаңында әрбір шаңыраққа зор денсаулық, құт-береке, ырыс пен табыс тілеймін. Ауыртпалық атаулы артта қалып, Жаңа жыл жақсылығымен енсін! Алдағы жылдағы жоспарларыңыз іске асып, армандарыңыз орындала беруіне тілектестігімізді білдіреміз!
Жыл құтты болсын!

Ізгі тілекпен,
Дархан Қыдырәлі
Халықаралық Түркі академиясы президенті

Close