Жаңалықтар

Түркі академиясы «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді.

Бірқатар бауырлас түркі мемлекеттер тәуелсіздігіне 30 жыл толатын мерейлі меже аясындағы іс-шаралардың бастамасы ретінде ұйымдастырылған алқалы жиынға ТүркПА ұйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Ақынжы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов,Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Михай Галошфай,  Өзбекстан Республикасы Сенатының депутаты Азамат Зие, Білім және ғылым министрлігі Ғылым коитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Әділ Ахметов, Франкфурт университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невская,Татарстан Республикасы А.Х.Халиков атындағы археология институтының директоры Айрат Ситдиков, еліміздегі дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, бауырлас түркі елдері Ұлттық ғылым академияларының басшылары, Қазақстан Республикасының Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары,  белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия,Ресей, АҚШ, Италия, Моңғолия, Германия, тағы басқа20-дан астаммемлекеттен танымал түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Онлайн-оффлайн режимде өткен басқосу барысында Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» атты іргелі ғылыми еңбектің салтанатты тұсаукесер рәсімі жасалды. Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғысөзімен жарық көрген бірегей басылым әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды.

Айта кету керек, Атлас Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының мазмұнына негізделген алты тақырыптық  бөлімге жүйеленген.

Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Жиынның тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып өткізіліп отырғанын атап өткен ұйым басшысыҚазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген ұстанымын Түркі академиясы әзірлеп шығарған 200-ден астам тарихи картаны қамтитын «Түркі әлемі» атласы ғылыми тұрғыда айқындай түсетінін атап өтті.

Түркі әлемінің алғашқы тарихи-мәдени атласын таныстыру рәсімнен кейін сөз алған ТүркПА ұйымының бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов оқырманға жол тартқан бірегей басылымды жоғары бағалап, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бағдарламалық мақаласындағы орамды ойлардың тарихы ортақбауырлас елдердің баршасы үшін маңызды екенін айтты.

Бұдан кейін сөз алған Түркі кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы тарихи шекаралар туралы мәселенің тарихтың еншісінде қалуы керек екенін атап өтті.

Өз кезегінде Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов сақ-скиф дәуірінен бастау алатын қазақ тарихының тамыры тереңде екеніне тоқталды.

Close