Жаңалықтар

Түркі академиясы Зәки Уәлиди Тоғанға арналған жиын өткізді

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы «Тұлғалар тағылымы» жобасы аясында түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Зәки Уәлиди  Тоғанның нөмірі мен  шығармашылығына арналған «Зәки Уәлиди Тоған: ғалым, саясаткер, тұлға» атты шара өткізді.

Онлайн форматта өткен басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Зәки Уәлиди Тоғанның ұрпақтары Исенбике Тоған мен Сүбедей Тоған, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев,  Ресей Ғылым академиясына қарасты Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет зерттеу институтының жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова және осы аталған институт қызметкері Ахат Салихов, Өзбекстан ғылым академиясы Тарих институтының бөлім меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қахрамон Раджабов, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы, Түрік тарихы қоғамының мүшесі, тарихшы Тунжер Байкара, Қырғызстанның  белгілі түркітанушысы, профессор Кадыралы Конкобаев, «Ағидел» башқұрт мәдени орталығының жетекшісі Азамат Рыскильдин қатысты.

Алқалы жиынды Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ашып, Зәки Уәлиди Тоғанның ұрпақтары Сүбедей Тоған мен Исенбике Тоғанға сөз берді. Осы орайда профессор Сүбідей Тоған Зәки Уәлиди Тоғанның Башқұртстандағы және Мәскеудегі қызметі жайында, сондай-ақ 1917 жылдан кейінгі сапарлары жөнінде мол мағлұмат жеткізді.

Сондай-ақ қатысушылар түркі әлеміндегі тұғырлы тұлғаның ғылыми зерттеулері хақында, одан өзге Алаш-Орда, Түркістан автономиясы және XX ғасырдың басындағы ұлт зиялылары мен олардың Түркі әлеміндегі көрнекті ғалымдар және саясаткерлермен байланысы туралы тың әрі қызықты деректер айтты.

Айта кетейік, Түркі жұртына танымал мемлекет және қоғам қайраткері, әйгілі тарихшы-ғалым Ахмет Зәки Уәлиди Тоған 1890 жылы қазіргі Башқұртстан Республикасына қарасты Ишимбай ауданында дүниеге келді.  1908 жылы Қазанға барып, Қасымия медресінде оқытушы болады. Осы жылдан бастап алғақшы танымды мақалары жарық көре бастады. Кейін төрт жыл уақыт салып, «Түрік татар тарихы» атты кітабы жарияланып, Қазан университеті жанындағы «Археология, тарих және этнология» қоғамына мүшелікке қабылданды.

Ал 1916 жылы саясатқа бет бұрады. Ресей мемлекеттік Думасының жанындағы «мұсылман» фракциясында хатшы болып қызмет атқарады. Ресейдің ішікі және сыртқы саясаттарының бағытын айқындауға үлкен септігін тигізетін Дума жұмыстарында белсенділік көрсетіп, көптеген саяси қайраткерлермен танысады. 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері арасында Ресей мұсылмандары арасында ұйымдастырушылық қабілетімен, саяси қайраткерлігімен ерекше көзге түсті. Одар әрі Еділ-Орал, Башқұртстан және Түркістан автономияларының құрылуына қатысып, тарихи оқиғалардың куәсі болды.

Алайда 1923 Отанын тастап шығуға мәжбүр болған Зәки Уәлиди Ауғанстан, Үндістан арқылы Парижге барды. 1925 жылы Түркияға келіп Ыстанбұл университетінде профессор әрі «Иені Түркістан» журналының бас редакторы болды. 1935-37 жылдары Бонн, 1938-39 Готтинген университеттерінде құрметті профессор ретінде жұмыс істеді. Сол жылы Түркияға оралған Тоған, Ыстанбұлдағы білім ордасында қызметін одан әрі жалғастырады.

Close